ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ҚАМШЫБЕК ҚОҢҚАБАЕВТЫ ӘУЕЖАЙДАН КҮТІП АЛДЫ
Бүгін таңертең қызылордалықтар Қорқыт Ата әуежайынан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаевты күтіп алды.
Қызылорда облысының тарихындағы осындай үлкен жетістікке қол жеткізген алғашқы былғары қолғап шеберіне құрмет көрсету үшін әуежайға жүздеген студент жастар, БЖСМ тәрбиеленушілері мен бокс жанкүйерлері келді.
Еске салайық, Қызылорда бокс мектебінің тәрбиеленушісі Қамшыбек Қонқабаев бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде Гамбургте өткен XIX Әлем чемпионатында екінші орынға ие болды. Финалда біздің жерлесіміз әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовпен жұдырық түйістірді.
Қамшыбек 1991 жылы 18 қарашада дүниеге келген. Бокспен 9 сыныптан бастап шұғылданады. Алғашқы бапкері Сейтжан Түкенов болды. 2014 жылғы қарулы күштер арасында Әлем чемпионы, 2015 жылғы ҚР 4-ші жазғы спартакиадасының жеңімпазы, 2015 жылғы қарулы күштер арасында Бүкіләлемдік спорт ойындарының күміс жүлдегері, 2017 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, көпдүркін халықаралық турнирлердің жеңімпазы, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бапкері: ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжан Байғұндиев.