ЕЛІМІЗДЕ ӨЛКЕТАНУ КУРСЫ ОҚЫТЫЛАДЫ
Біз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттемелер мен тапсырмаларды орындауға тиіспіз.
Бағдарлама аясында республика бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 5-7 сыныптарында 2018-2019 оқу жылынан бастап әр аймақтың ерекшеліктеріне негізделген «Өлкетану» курсы оқытылатын болады.
«Өлкетану» курсының мақсаты – туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын географиялық, тарихи, мәдени, табиғи және басқа да факторлар туралы білім қалыптастыру; туған елге деген сүйіспеншілік сезімге, қоршаған табиғи ортаны аялауға тәрбиелеу болып табылады.
Бүгінгі күні оқу жүктемесі 20 сағат көлемінде болатын аталған «Өлкетану» курсының үлгілік оқу бағдарламасы бекітілді.
ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Өлкетану» курсын пилот ретінде Қызылорда облысының мектептеріне алдағы оқу жылынан бастап енгізу жөнінде ұсыныс білдірген болатын.
Облыс әкімінің қолдауымен бүгінгі күні «Өлкетану» курсының авторлар тобы жасақталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оқу курсының мазмұны қыркүйек айында даярланып, «Білім» баспасына ұсынылатын болады.