100 жаңа есім: ЖАҢҒЫРУ – ЖАҢА БИІКТЕРДІҢ БАСТАУЫ
Еліміздің баянды болашағын қамтамасыз ету мен саяси экономикалық даму қарқынын сақтап қалудың алғы шарты рухани жаңғыруда жатыр. Сол себепті де Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында осы мәселеге айрықша мән берілген. Онда «Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» деген еді. Осы төңіректе біз де «100 жаңа есім» тізіміне енген жерлесіміз Махмұт Нәлібаев жайлы жазуды жөн көрдік.
Белгілі меценат, «Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың» төрағасы, «Марсель групп» компаниясының президенті, ұлттық «Алтын жүрек», халықаралық Сократ сыйлығының лауреаты, көптеген марапаттардың иегері, еліміздегі белгілі тұлғалардың бірі – Махмұт Нәлібаев жиырма жылдан астам уақыт еліміздің мұнай-газ саласының өркендеуі жолында зор еңбек сіңіріп, ел экономикасының қарқын алуына өзіндік үлесін қосқан азамат. Аудан мақтанышы М.Ыбырайханұлы бүгінде алпыстың асқарына шықты.
Ол 1957 жылы Шиеліде дүниеге келіп, 1983 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын, 1995 жылы ҚР Қарағанды ІІМ жоғары мектебін бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы «Кызылордаремводстрой» тресінің инженері болып бастаған. 1988-1998 жылдары Қызылорда облысында ішкі істер органдарында қызмет атқарған. 1998-2014 жылдары Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облыстары бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) бастығы, кейін агенттіктің сыбайлас жемқорлық туралы істерді ашу және оның алдын алу департаментінің бастығы, ақпараттық-талдау департаментінің бастығы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық басқармасының бастығы – тәртіптік кеңес төрағасы, 2015-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Манғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша департаменттерінің басшысы лауазымдарында болған.
Кейіпкеріміз отандық басылымдардың біріне берген сұқбатында балалық шағын «Мен күреспен айналыстым. Тәп-тәуір шұғылдандым. Тіпті республикалық, бүкілодақтық жарыстарға қатыстым» деп еске алады. Оның мұнан басқа да жақсы қасиеттері көп екені шүбәсіз. Мәселен, М.Нәлібаев өзінің туған жеріне әрдайым жанашырлық танытып, қол ұшын созатынымен үлгі. Оның Шиелі индустриалды-аграрлы колледжі студенттері үшін арнайы грант бөліп, қажетті техникаларды алуға қол ұшын созғанын да елі ұмытпайды. Шиеліде туып, елдің тірегіне, ұлттың мақтанышына айналған осындай арда азаматтарды құрметтеп үлгі етіп көрсетуіміз керек-ақ.
Әсіресе, Қызылорда облысының денсаулық саласына жасаған жақсылығының өзі бір төбе. Жасанды бүйрек аппаратын алуға қомақты қаржы бөліп, соның арқасында бүйрек қызметі бұзылған 50-ден аса науқастың жағдайы жақсарып, тұрақты ем алып жүр. Сондай-ақ, оның қолдауымен облыстағы перинатальды орталықтың нәрестелер бөлімшесіне жасанды тыныс алу аппараты сатып алынды. Ол тек біздің облысқа ғана емес еліміздің өзге де өңірлеріне қайырымдылық шапағатын төгіп келеді. М.Ыбырайханұлының Сарыағаш ауданындағы «Марсель су» атты компаниясының өнімдері, нарықта «Сарыағаш Марсель» деген атаумен танымал. Оның өнер жолын таңдаған қызы Сиви Махмуди де бүгінгі таңда өзін әртістік қырынан көрсетіп жүр.
Жақсының артында жарым ырыс сөз қалады. Жанашыр жан Бірлестік ауылынан анасына арнап, мешіт салып, оны «Қалыкүл ана шарапаты» деп атады.
Сауапты жұмысқа үнемі уақытын сарп ететін жанашыр азамат өмірінің мәнін «Байлық емес, адамгершілік, шынайы сыйластық, жақсылық» деп түсінеді. «Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, адамдықтың белгісі» дегендей, ұлт үшін ұлы істер жасап жатқан Махмұттай ағамыздың жанашыр жарқын істеріне қуанайық.
Махмұт Ыбырайханұлының халыққа қызмет ету жолында тындырған істерін айта берсек, толып жатыр. Кәсібін көркейтіп, еліміздің игілігіне айналдыра білген ұшқыр ойлы азаматтың тірлігі ақсұңқар құстың әрекетін көз алдыңа әкеледі. Дархан даласындай кеңпейіл, ата-бабасындай жомарт, қонақжай Махмұт Ыбырайханұлының болмысы – өнегенің өрнегі, тәлім-тәрбиенің мектебі.