ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА ЖАҢА АВТОКӨЛІК БЕРІЛДІ
Тәртіп сақшыларының қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті нығайтып және жедел іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін бес қаруының сай болуы аса маңызды. Қазіргі таңда облыстағы тыныштық пен тәртіпті сақтап отырған ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуда облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты жағдай жасалып, қолдау көрсетіліп келеді.
Соның бір айғағы ретінде Облыстық Ішкі істер департаментінің теңгеріміне тағы да 8 автокөлік берілді. Қажетті техникалық құралдармен жарақтандырылған Газ-2705 маркалы автокөліктер күдіктілер мен айыпталушыларды тасымалдау үшін арналған. Автокөліктер айдауылдау қызмет саласына пайдалануға берілмек. Бұл аталған бөлініс қызметінің жеделдігін арттырып, жұмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
Осыған сәйкес, 04 тамызда Жергілікті полиция қызметінің алаңында аталған автокөліктердің кілті салтанатты түрде табысталып, шараға департамент басшылығы мен жеке құрам қатысты.
Салтанатты шара барысында Қызылорда облысының ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ж.Оспанов сөз алып: «Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірімізде материалдық-техникалық базаны нығайту, ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды жақсарту жұмыстары жоспарлы жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде қолдаудың нәтижесінде 69 «Toyota Corolla» маркалы автокөлік, есірткі қылмыстарымен күрес бөліністеріне 5 және Жергілікті полиция қызметіне 11 автокөлік берілген болатын», - деді.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі