ШИЛІ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРДІ
Қазалы ауданы Шәкен ауылдық округіне қарасты Шилі ауылында апатты жағдайда тұрған мектептің орнына жаңадан білім ошағы бой көтеріп отыр.
Шилі ауылындағы №259 негізгі мектеп ғимараты екі қабаттан тұрады. Онда оқу бөлмелері, мұғалімдер бөлмесі, медициналық бөлме, шеберхана, мультимедия және лингафон кабинеттері, шаруашылық бөлмелері, гардероб, 32 орындық асхана, 40 орындық акт залы, жалпыға арналған әжетхана қарастырылған.
№259 мектептің директоры, Эльмира Ержанова:
– Кез келген елдің болашағы оның жас буынының қолында екені шындық. Жаһандану заманындағы қазақ халқының озық елдердің қатарында иық тіресіп тұруы үшін асқан білімдарлықтың керегі хақ. Осы мәселені ескеріп, біздің ауылымызға жаңа мектеп салып беріп жатқан облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы бастаған ел ағаларына үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта олар артқан үмітті ақтап, біздің шәкірттеріміз білім бәсекелерінде биіктерді бағындырарына сеніміміз кәміл. Жаңа ғимараттың ішін жақсылыққа толтырып, жарқын жетістіктерге жету үшін аянбай еңбек етеміз деген ойдамыз, – дейді.