100 жаңа есім: ҚЫЛ ҚАЛАМ ШЕБЕРІ
Қайырбай Закиров 1945 жылы 25 ақпанда Арал қаласында туған. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған.
Суретші өз шығармашылық жолын графикадан бастады. Алғашқы литографиялық жұмыстары – «Диолог» топтамасы (1980), «Ұлбаланың бақыты» триптихы (1980), «Теңіз туралы толғау» (1982) ұлттың рухани және әдептік негіздеріне ықпал еткен көшпенділердің өміріндегі әлеуметтік өзгерістер жайлы ой толғайды.
Жарық пен көлеңкенің дірілін пайдаланып алапат қуатты тыныс беретін кеңістіктің үлгісі – «Базар жырау» (1983), «Естің жаңғыруы» (1985), «Шыңғыс әлемі» (1986), жыл топтамалары - «Желдірме топтамасы» (1990), «Көкжиек» топтамасы (1986) линогравюра тәсілімен жасалған. 1991 жылы елдегі болған өзгерістер суретшінің шығармасынан орын алды. Ол офорт, акватинга, құрғақ ине мен резерваждың бәрін пайдаланып «Құс жолы» топтамасын дүниеге әкелген.
Суретші қолданып отырған көркемдік тәсілдер ойдағы әлемді, бар әлемді, мейірім мен ақиқатты көрсетеді. Оның шығармашылығында зерде-парасат және фәлсапа жағы басым, тақырыбы – уақыт байланысы, сабақтастық, бабалардың рухани мұрасы, экология проблемалары. 1974 жылдан халықаралық, бүкілодақтық, республикалық көрмелерге қатысып келеді. 1992-1995 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Туындылары Қытай, Жапония, Франция, Америка, Португалия, Морокко, Йемендегі өнер мұражайларына қойылған. Сондай-ақ, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында, Ресей Федерациясы Мәдениет Министрлігінің қорында, шетелдік дербес коллекционерлердің қолында сақтаулы. Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері (1988), КСРО Суретшілер одағының мүшесі (1976).