100 жаңа есім: ОРДАБҰЗАР ШАҒЫНДА 30 ПАТЕНТТІҢ АВТОРЫ
Жақында Аккредиттеу жəне рейтингтің тəуелсіз агенттігі қазақстандық жоғары оқу орындарының үздік 50 оқытушысын жария етті. Елімізде жоғары оқу орындары жеткілікті. Ендеше мыңдаған адам арасынан осы топтан орын алған ұстаздың айтарлықтай жетістіктері болуы шарт. Біз әңгіме еткелі отырған жан «ТОП-50» қатарына Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен енген үш оқытушының бірі – «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, «Экология жəне химиялық технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Аппазов Нұрбол Орынбасарұлы. Биыл 35 жасқа келіп отырған ұстаз-ғалымның еңбек жолына, жеткен жетістіктеріне қарап, үздік атағына лайық екенін еріксіз мойындайсыз.
Нұрбол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Жаратылыстану факультетіне химия мамандығы бойынша оқуға түсті. Оны үздік дипломмен бітірген Нұрбол мұнан соң университеттің химиялық технология мамандығы бойынша магистратурасына түсіп, оны да үздік аяқтады. «Болашақ» мектеп-лицейінде химия пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастаған жас маман бұдан соңғы жұмысын «Марсель Петролеум», «Достық-Ойл ЛТД» мұнай компанияларында химик-лаборант ретінде жалғастырды. Содан кейін өзі бітірген жоғары оқу орнына оқытушы болып ауысты.
Қазіргі жастар бір қызметпен шектеліп қалмай, басқа жұмысты да қатар алып жүруге дағдыланған. Кейіпкеріміз Алматы қаласындағы Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында еңбек еткен үш жыл уақыт ішінде осылай ерекшеленді. Ғылыми институтта қызмет ете жүріп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар ғылыми-зерттеу институты» ЕМК-да кіші ғылыми қызметкер, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқытушы, «Кока-Кола Алматы Ботлерс» компаниясында химик болып қосымша жұмыс істеді. Осылайша бай тәжірибе жинақтап, оны ғылыми ізденістерінде кәдеге жарата білді.
Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша 2008 жылы еліміздің университеттерінде ұлттық жəне инженерлік бейіндегі зертханалар ашыла бастады. Нұрбол 2009 жылы кандидаттық қорғағаннан кейін өзі оқыған универститетке келіп, жаңадан ашылған зертханада ғылыми қызметкер болып жұмысын бастады. Ол келген кезде мұндағы қондырғылардың бір-екеуі ғана жұмыс істейтін. Зерттеу жұмыстарын оларсыз атқару мүмкін емес. Жас ғалым белсене іске кірісіп, барлық он қондырғыны іске қосып шықты.
Нұрбол Қорқыт ата атындағы ҚМУ базасында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен жүргі¬зілетін ғылыми жобаларға жетекші, жауапты орындаушы ретінде қатысып келеді. Шетелдік жоғары импакт-факторлы және Қазақстанның ғылыми басылымдарында 70-ке жуық мақала, халықаралық және республикалық конференциялардың 70 шақты материалдары мен тезистері, ҚР инновациялық және өнертабыс патенттерінің, ЖОО студенттеріне арналған 4 оқу құралы, 2 монографиялар түріндегі 170-ке жуық ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы.
Кейіпкеріміз 2010-2012 жылдары талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның, 2012 жылы Қызылорда облысы «Жас ғалым» номинациясының, 2013 жылы Қызылорда облысы әкімі стипендиясының, 2014 жылы Ресей Жаратылыстану Академиясының өнертапқыштықты дамытқаны үшін А.Нобель атындағы медалінің, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2016» атағының иегері. Сондай-ақ, Ресей Жаратылыстану Академиясының профессор ретінде мүшесі.
Жоғарыда келтірген жетістіктер Н.Аппазов пен зертхана ұжымы еңбегінің бір бөлігі ғана. Жақында Ресейдің Санкт-Петербург, Дубна, Қазан, Новосибирск қалаларындағы университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарында және Португалиядағы Лиссабон жаңа университетінде тəжірибе алмасып келген Нұрбол тағы да тың идеяларды жүзеге асыруды жоспарлауда.