100 жаңа есім: ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ЖАН
Нұрмұхаммед Әбілқасымов Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Өмірдің қиындығын сабырмен жеңіп келе жатқан азамат. Туылғанынан ауыр дертпен арпалысып келеді. Аузына тістеген кішкене таяқшасы арқылы ұялы телефонына өлең жазатынымен ерекше. Бала кезінен өлең жазуға құштар болған азамат бүгінде республика көлеміне танымал. Оның өлеңдеріне елімізге танымал сазгерлер ән жазған және аз уақыт ішінде екі жыр жинақтың авторы атанып үлгірген. Оның сыршыл өлеңдері, жыр шумақтары өмірге құштар жанды елестетеді. Өмірде жаман мен жақсылық қатар жүретіні анық. Алла тағала оған үлкен бақ берді. Ол екі жыл бұрын отбасын құрды. Әйгерім есімді аруды өмірлік жары етті.
Нұрмұхаммед Қанатбекұлы Әбілқасымов 1978 жылдың 19-шы желтоқсанында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келген.Туғанынан төсекке таңылып науқастанған ол, тағдырына мойымай, өнер жолына түсіп келеді.
Хоббиі: шахмат ойнау, сурет салу.
Жетістіктері: 2011жылдың мамыр айында алғашқы «Тағдырымның жанары» атты кітабының тұсауы кесілді. 2011 жылдың қараша айында поэзия номинациясы бойынша Алматыда өткен республикалық «Самғау» сыйлығының иегері. 2012 жылдың тамыз айында шахматтан облыс жеңімпазы атанды. 2012 жылдың қараша айында Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінде төрт аяғы тең басқан 92 ақынның арасынан алғашқы ондыққа кіріп, халықтың ілтипатына бөленіп, дипломант атанды. 2013 жылдың қазан айында Астанада өткен «Бәріміз бірдейміз кемсітуді білмейміз» атты республикалық конкурсында «Алтын қауырсын» номинациясының жеңімпазы. 2014 жылы Қазақстан Республикасының «Жазушылар Одағының» ұсынысымен, «Алматы кітап» баспасы арқылы Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың «Тасжарған» атты жыр жинағы жарыққа шықты. 2014 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы «НАМЫС» төсбелгісінің иегері атанды. 2015 жылы «Жаншуақ» сыйлығының лауреаты. 2015 жылы отбасын құрған. 2016 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-да «Журналистика» мамандығының 2-ші курс студенті.