ҚЫЗЫЛОРДАДА 95 ЖОБА СУБСИДИЯЛАНДЫ
Биылғы жылы Елбасымыз өзінің халық алдындағы Жолдауында бизнесті түбегейлі жақсарту және кеңейту, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар жүргізу қажеттігіне басымдық берді.
Бұл бағытта Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев барлық деңгейдегі әкімдерге салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру және қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту бойынша 3 міндет қойды.
Аталған міндеттерге қол жеткізу үшін бүгінгі күні бірқатар үкіметтік және өңірлік бағдарламалар іске асырылып, біршама қаражаттар да бөлініп келеді.
Соның бірі, бірнеше жыл қатарынан іске асырылып келе жатқан «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы.
Бағдарламаны іске асыру үшін 2017 жылға жалпы 779,6 млн. теңге қаражат қаралған. Бөлінген қаражаттың 669,6 млн. теңгесі кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына субсидиялар мен ішінара кепілдіктер беруге бағытталған. Жыл басынан бері бұл бағытта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы құны 5,59 млрд. теңгені құрайтын 95 жобасы субсидияланып, оның ішінде 45 жобаға ішанара кепілдіктер берілді.
Жыл соңына дейін бағдарлама шеңберінде мақұлданған жобалар бойынша 1 млрд. теңге көлемінде субсидия төлеу мүмкіндігіміз бар. Бұл несие қаражаттарынан бөлек, аталған бағдарлама шеңберінде ауылдық елді-мекендердегі шағын кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар беру үшін биылғы жылдың басында 10 млн. теңге қаржы бөлініп, микробизнес субъектілерінің 17 жобасы қаржыландырылған болатын. Бөлінген қаражаттың аз болуына байланысты соңғы бюджетті нақтылауда қосымша 100 млн. теңге қаражат бөлінді.