КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ БЕРІЛЕДІ
«Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында өңіріміздің кәсіпкерлеріне қайтарымсыз грант беріледі. Тамыздың 17-нен бастап «Кәсіпкерлер үйінде» құжаттар қабылдануда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов мәлімдеді.
Бұл бағыт бойынша облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Конкурсқа әзірге 129 млн теңгені құрайтын 58 жобасы түсті. Құжаттар 11 қыркүйекке дейін қабылданады. Кәсіпкерлер «Бизнес-Кеңесші», «Бизнес-Бастау» жобалары бойынша арнайы курстардан оқытылады. Бүгінгі таңда, 100-ге жуық адамға курстан өткені туралы сертификат табысталды.
«Өтінім берушілер жаңа бизнес идеяларын ұсынуы қажет. Аталған конкурсқа ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, әйелдер, мүгедектер және 50 жастан асқан адамдар қатысады. Ал банкте қарызы, салықтарға берешегі бар адамдар конкурсқа қатыстырылмайды», - деді Азамат Мақсұтұлы.
Айта кету керек, жоба құны 3 млн теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ, ұсыныс беруші қаржының 10 пайызын өзі қаржыландырады.
Комментарии 2