ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ
Қармақшы ауданы «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында күрішке алғашқы орақ салу рәсімі және «Дала күні-2017» атты семинар-кеңес өтіп, агроөнеркәсіп кешені саласының өзекті мәселелері талқыланды.
Шараға Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, еңбек ардагерлері мен ауыл ақсақалдары қатысты.
Аймақ басшысы «Ақтөбе и К» ЖШС-нің күріштің ирандық "таром-хошими" сорты егілген егіс алқабымен және күріш ақтау зауытының жұмысымен танысты.
- Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін атап өтіп, осы саланы дамыту бағытында алдымызда нақты міндеттер қойды. Елбасының аграрлық сектордың алдында қойған міндеттерін іске асыру мақсатында өткен жылы облыс тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін нарығына кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізіп, аграрлық сектордың мүмкіндік әлеуеттерін зерттеп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың Агрокартасын қабылдадық. Агрокартада негізгі міндет ретінде ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін арттыру, сонымен қатар жылдам дамытуды қажет ететін салаларды айқындап алдық. Аймақтың ауылшаруашылық өнімдерін экспорттайтын елдер Қытай, Иран, Түркия, Ресей және Еуроодақ елдері болып белгіленген,- деді облыс әкімі семинар-кеңесте.
Семинар-кеңесте аудан әкімдерінің және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының есептері тыңдалды.
Аймақ басшысының айтуынша бұл 2021 жылға қарай, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Күріш өндірісі және оны қайта өңдеу агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басым бағыттарының бірі болып саналады. Күріштің перспективалық нарықтарының бірі - Иран Ислам Республикасы. Қазірдің өзінде Иран мемлекеті жылына 3 млн. тоннаға жуық ақ күріш импорттайды.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 90 мың гектар алқапқа күріш дақылы егіліп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 10 мың гектарға дейін ұлғайды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ресми мәліметіне сәйкес биыл облыс бойынша барлығы 181,2 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәнді дақылдар 97,7 мың, майлы дақылдар 6,8 мың, мал азықтық дақылдар 60,1 мың, және картоп, көкөніс, бақшалық дақылдар 16,6 мың га.