«ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТТЕРІ ОРТАЛЫҒЫНДА» ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ
Бүгін, Қызылорда қаласында «Құқық қорғау қызметтері орталығы» ғимаратында облыс прокуроры Х.Дәуешов, облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Қ.Мұхитов, қала әкімі Н.Нәлібаев және мемлекеттік кірістер департаменті, медиатор, адвокаттар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» мамандарының қатысуымен қала тұрғындарына қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар электронды кезек жүйесімен «бір терезе» қағидасы бойынша қажетті саланың басшыларына өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді.
Қоғамдық қабылдауды ұйымдастырудағы басты мақсат, атқарушы және құқық қорғау органдары мен халықтың арасындағы ашықтықты бұрынғыдан да зор дамыту және бір орталықта қызмет көрсету арқылы қала тұрғындарының уақыттын үнемді пайдалануға мүмкіндік жасау.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш «Құқық қорғау қызметтері орталығы» үстіміздегі жылғы 24 тамыз күні ашылған болатын.
Алдағы уақытта, әр айдың соңғы бейсенбісі күні сағат 11:00-12:00 аралығында облыс прокуроры, облыстық ішкі істер департаменті, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшылары және Қызылорда қаласы әкімдігі орталыққа келген қала тұрғындарына жеке қабылдау өткізеді.