ШИЕЛІДЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Жуырда аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев пен мәслихат хатшысы Ә.Оразбекұлы жыл басынан жоспарланған ірі құрылыс алаңдарында болып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Мердігер мекеме басшыларымен жолығып, мемлекеттік тапсырыс аясында салынып жатқан құрылыс нысандарының мердігер мекеме басшыларымен жолығып, сапасын тексерді.
Әуелі Тартоғай ауылында жаңадан салынып жатқан балабақшаның құрылыс жұмыстарының барысы бақыланды. 90 орындық бұл балабақшаның құрылысына мемлекеттен 335 миллионнан астам қаржы қаралған. Бас мердігер «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС. Басшысы Б.Шамахов. Құрылыс нысанында 30-ға жуық адам жұмыс жасап жатыр. Бұйыртса келесі жылы тартоғайлық бүлдіршіндер заманауи, типтік жобадағы әсем балабақшаның қызығына кенелетін болады.
Бұдан кейін, Алмалы елді-мекеніндегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №181 орта мектептің ғимаратына келіп, жасалып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, мектептің іші-сыртын аралап, орын алған кем-кетік жерлері ескертілді. Алмалыдағы құрылысқа мердігер «Астана сервис ЛТД» мекемесі екен. Жалпы құны 54 миллион теңгеден астам қаражатқа мектептің іші-сыртына толық күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Бұл жердегі жүргізіліп жатқан жұмыс барысы жаман емес. Оқу маусымы басталғанша жөндеу толық аяқталып, жаңа оқу жылын алмалылық оқушылар жаңарған әсем ғимаратта қарсы алмақ.
Алмалыдан кейін Алғабасқа атбасын тіреген аудан басшылары бұл елді мекендегі Б.Пәрімбетов атындағы №157 орта мектептің ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Мердігер мекеме «Жаңарту» ЖШС. Жөндеу жұмыстарына 50 миллионнан астам қаржы қаралған.
Қадағалаушы топ мектептен шығып, осы ауылдағы мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан спорт кешені құрылысына келіп тоқтады. Кешеннің жалпы жобалық құны 42 миллион теңгені құрайды. Аталмыш кешен пайдалануға берілген кезде бұл орталықта 210 бала дзюдо, волейбол, бокс, тоғызқұмалақ үйірмелеріне тартылмақшы. Спорт сарайының жалпы ауданы 629 шаршы метрді құрайды. Пайдалануға берілген кезде 10 жаңа жұмыс орыны ашылмақ. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «БЕТА и К» ЖШС.