260 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ
Шиелі ауданындағы «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС-ның жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығару зауыты аудандағы шетел инвесторларымен және индустрияландыру картасына енгізілген ірі жобалардың бірі.
Жобаға мемлекеттік қолдау шаралары ретінде индустриалды аймақтың жанынан 50 га жер телімі табысталған. Оның 46 га зауыт құрылысы үшін берілсе, қалған 4 га қызметкерлерге жатақхана салуға берілген.
Бүгінде зауыттың геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, құрылысы қарқын алуда. Инвесторлар тарапынан алғашқы транш ретінде 7,5 млн. АҚШ доллары бөлінген. Зауыттың құрылыс кезеңінде 1200 адам жұмыспен қамтылып, зауыт толық іске қосылған кезде 260 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Зауыттың іске қосылуы өз кезегінде цементтің өзіндік құны мен сырттан тасымалданатын цемент көлемін едәуір төмендетуге ықпал жасайды.
Қазіргі таңда, «Компания Гежуба Шиелі Цемент» зауытының құрылыс жұмыстарына аудан тұрғындарын тарту мақсатында компания басшылығына заң аясында тиісті талаптар қойылып, құрылысқа тартылатын мердігер компаниялармен, қосымша мердігер компанияларға қажетті жұмысшыларды заңға сәйкес аудандық жұмыспен қамту орталығына сұраныс беру арқылы 62 азамат жұмысқа алынған. Осы кезде зауыт құрылысында 190 адам жұмыс жасаса, оның 73 адамы шетелдіктер, ал, 117 адамын Қазақстан Республикасының азаматтары құрап отыр.