ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ
Қызылорда облыстық құрылыс бақылауы басқармасының ақпаратына сәйкес облыс аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарына бақылау-қадағалау шаралары бұрынғыдан да күшейтілген. Дегенмен, қолданылған шараларға қарамастан жекелеген мердігер мекемелерде құрылыс нормаларынан ауытқушылық, техникалық қауіпсіздік талаптарын және құрылыс ережелерін сақтамау жағдайлары әлі де болса кездеседі.
Құрылыс процесінің негізгі көрсеткіштері сапа мен мерзім болатын болса, нысанның сапалы және уақытылы аяқталуы бірінші кезекте мердігердің ішкі бақылауына, сонан соң тапсырысшының авторлық және техникалық қадағалау қызметтерінің өз дәрежесінде атқарылуына тікелей байланысты.
- Қызылорда қаласындағы қуаттылығы жылына 197 мың 100 тонна табақты шыны өндіретін зауыт құрылысының жағдайына техникалық қадағалаушы "СК Энерго-Оil" ЖШС-мен бірлесіп жүргізілген тексерудің нәтижесінде бас мердігер «Шымкентхиммонтаж» ЖШС-і құрылыс-монтаждау процесінде мемлекеттік нормативтерді сақтамағаны анықталды. Қорытындысымен бас мердігерге орын алған құрылыс нормативтерінен ауытқушылықтарды қалпына келтіру міндеттелген 41 тармақтан тұратын нұсқама беріліп, оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 312-бабының 1-бөлігі және 315-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салу жаза қолданылды, - дейді облыстық құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев.
Сондай-ақ, тапсырыс беруші «Оrda Class» ЖШС-нің бастамасымен аталған нысан құрылысында өрескел заң бұзушылықтарға жол берген мердігер «Шымкентхиммонтаж» ЖШС-і мен техникалық қадағалаушы «СК Энерго-Oil» ЖШС- і араларында жасалған келісім-шарттар тоқтатылды.
Қазіргі таңда тапсырыс беруші құрылыс жұмыстарын 2018 жылдың наурыз айында аяқтау үшін инвестиция тартуға инвесторлармен келіссөздер жүргізуде.
Жүргізілген мониторинг жұмыстары басқармамен жүзеге асырылған бақылау-қадағалау шараларының нәтижесінде ағымдағы жылы облыс аумағында құрылыс заңдылықтарын бұзушылық деректері азайып, құрылыс сапасының артқанын көрсетті.