ҚЫЗЫЛОРДАДА ПАРТИЯЛЫҚТАР ЖАС МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУДА КЕЗДЕСЕТІН КЕДЕРГІЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ
Қызылордада «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Білім» бағытындағы аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиында комиссия Сайлауалды бағдарламаны жүйелі жүзеге асыру мақсатында облыста мектеп бітірушілерді қорытынды аттестациялау мен ҰБТ-ны жаңа форматта өткізудің қорытындылары, сондай-ақ педагогикалық кадрларды қайта даярлау, біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады.
Комиссия төрағасының орынбасары Аманжол Оңғарбаев Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында білім беру жүйсенің рөлі өзгеру тиістігін атап, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің буынына айналдыру қажеттігін айтқанын тілге тиек етті.
- «Нұр Отан» партиясы өзінің Сайлауалды бағдарламасында 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтып отырған еліміздің білім жүйесін, еуропалық талаптарға сайкестендіруге қатысты үлкен міндеттерді көрсетіп, оны жүйелі жүзеге асыруға ерекше мән беріп отыр. Сондықтан біздер Елбасы тапсырған міндеттерді абыроймен атқаруға күш салуға тиіспіз, - деді Аманжол Оңғарбаев.
Күн тәртібіне сәйкес облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов баяндама жасап, өңірде 2016-2017 оқу жылында 260 жалпы орта білім беру ұйымдарын 6196 түлек тәмәмдағанын айтты.
- ҰБТ-ге 4256 бала өтініш беріп, 133-і қатыспады. Шығармашылық мамандықтарға тест тапсырған бала саны – 152. Үш күнде де Ұлттық бірыңғай тестілеу пунктерінде оқыс оқиға, ереже талаптарының бұзылу деректері орын алған жоқ. Жалпы облыс бойынша орташа балл 82,4 пайызды құрап отыр, - деді Бағдат Бердәулетов.
Жиын барысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша институтының директоры Бауыржан Елеусінов педагогикалық кадрларды қайта даярлау, біліктілігін арттыру мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, биылғы курстардың ерекешеліктеріне тоқталды.
- Бұған дейін ұстаздар біліктілігін арттыру курстарында 36 сағат қана білімін жетілдіретін. Биылдан бастап 470 және 640 сағаттық курстар енгізілді. Мәселен, жаратылстану, физика, химия, биология және информатика пәндері мұғалімдерін ағылшын тілінде дәріс беруге дайындайтын курстар жүзеге асты. Бұл курстардың 1 айында Англиядан келген маман дәріс береді, және тыңдаушылар білімінің деңгейін Кембридж университеті бағалайтын болады, - деді Бауыржан Елеусінов.
Сондай-ақ, оның айтуынша қыркүйек айының 11-нен бастап аралас оқу (Blended learning) режимінде 3 курс ұйымдастырылып, мектепке дейінгі білім беру 50 тыңдаушы және қосымша білім беру ұйымдарынан 35 тыңдаушы қатысып біліктіліктерін арттыратын болады екен.
- Осы орайда, барлық материалдар дайындалып, бағдарламасы және дәріске байланысты контенттер Оқыту сайтына орналастырылды, - деді ол.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселер толық қарылып, жұмысты жетілдіру бағытындағы ұсыныстар орта салынды.