ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖАНҰЯСЫ – ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП КҮЗЕТІНДЕ
Әр салада бір мамандықты өмірлік азық етіп, бір кәсіпте бірге қызмет етіп жүрген жандар жетерлік. Алайда күні-түні қоғамдық тәртіпті қадағалап, ел тыныштығын күзете жүріп, отбасындағы бірлік пен тыныштықты сақтап жүру – әркім көтере бермейтін жауапты міндет. Осындай қиындықтарға қарамастан, бүгінде полиция қызметінде отбасылық жұп болып қызмет етіп жүрген қызметкерлер бар. Солардың бірі – полиция майоры Ғалымжан Нәдірбекұлы.
Қызметіне қырағы тәртіп сақшысы департаменттің Көші-қон полиция басқармасында жұмыс істейді. Ішкі істер органдарында 15 жылға жуық қызмет еткен ол қызмет жолын учаскелік полиция инспекторы болып бастап, бірнеше жауапты қызметтерде абыройлы қызмет еткен. Антына беріктігі, өз ісіне деген жауапкершілігі басшылық тарапынан ескеріліп, бірнеше мәрте ҚР Ішкі істер министрлігі, департамент бастығы тарапынан марапатталған.
− Мен бұл мамандықты өзім таңдадым. Себебі атам ұзақ жылдар бойы құқық қорғау органдарында қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Көкелерім де, ағаларым да ішкі істер саласында абыройлы қызмет етуде. Бұл біздің отбасылық мамандық десем де болады.
Өмірін адамның қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолына арнауды өмірлік мақсаты еткен Ғалымжан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бауыржан Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжіне оқуға қабылданады. Теориялық білім алып қана қоймай, тәртіп пен шыдамдылыққа үйренеді. Оқуын бітіргеннен кейін Қалалық ішкі істер басқармасына учаскелік полиция инспекторы болып қызметке қабылданады. Әкімшілік аумағындағы азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігінің сақталуын басты мақсаты етіп, құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу үшін күн-түн демей қызмет етеді. Қызметте жүріп болашақ жарын да кездестірді. Олардың әріптестіктері сезімге ұласып, 2009 жылы отбасын құрады. Келіншегі Сарбасова Гүлназ Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының Жедел басқару орталығында аға инспектор болып қызмет етеді. Полиция капитаны шенінде. Гүлназ өзінің жарын ең алғаш жолықтырған сәтін былай еске алады:
− Сол күн әлі есімде. Кезекті жұмыс күні болатын. Бейнебақылау камераларының көмегімен аумақты барлап отырғанмын, көзім Ғалымжанға түсті. Неге екенін білмеймін, ол жайлы бәрін білгім келді: кім екенін, қайда жұмыс істейтінін, қайда тұратынын. Бір күні кездейсоқ кездесіп қалдық, таныстық. Таныстығымыздың нәтижесінде шаңырақ көтердік. Қазір, құдайға шүкір, 2 қыздың ата-анасымыз. Тұңғыш қызымыз мектепте оқиды, оқу үздігі. Кенжеміз осы жылы мектеп табалдырығын аттамақ.
Ғалымжан мен Гүлназ үшін полицей абыройынан биік ештеңе жоқ, олар үшін арнайы форма ең әдемі әрі сәнді киім саналады. Жастар отбасымен құқық қорғау саласында бірге қызмет атқарғандарын мақтан тұтады.
– Көбісі екеуіңнің де бір салада қызмет етулерің қиын емес пе? Жұмыстарың қауырт, артылар жауапкершілігі де жоғары деп жатады. Күліп қана жауап береміз: «мақсатымыз бір, мүддеміз бір, тіпті қызметтік міндетіміз де бір», - деп. Ал шындығына келгенде, бір салада еңбек ету – жауапкершілікті ғана емес, отбасындағы түсіністік пен сыйластықты қалыптастырады. Әрқашан бір-бірімізге демеу болып, маңызды мәселелерде бір-бірімізге ақыл-кеңес беріп отырамыз. Бала тәрбиесіне де бірге атсалысамыз, ата-анамыз да көмектеседі. Алайда келіндік міндетімізді, ата-ана, бала алдындағы парызымызды ұмытқан емеспіз. Дей тұрғанмен, қызметтік мәселелерді бірге шешіп, кәсіби міндетті бірінші орынға қоямыз. Ал Антқа адалдық, қиын да жауапты істі абыроймен атқару басты ұстанымымыз, – дейді полицейлер.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі