ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР КОНСТИТУЦИЯ КҮНІН СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАРМЕН АТАП ӨТТІ
Спорттық сайыстарға 3200 адам қатысты. Олар - мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қала тұрғындары, еріктілер және белсенді жастар. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және медальдармен марапатталды. Шара марафонмен басталды, қатысушылар Тағзым алаңынан Орталық алаңға дейінгі аралықты жүгіріп өтті.
Спорттық жарыстарға қатысушыларды Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Конституция күні мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі.
- Құрметті жерлестер, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздерді баршамыз үшін қастерлі мереке-Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Атазаңның арқасында Тәуелсіз еліміз ширек ғасырда толайым табыстарға қол жеткізді. Ата заңымызбен ата дәстүрімізді жалғастырып келе жатырмыз. "Есім ханның ескі жолы", "Қасым ханның қасқа жолы", Тәуке ханның "Жеті жарғысынан" бастау алатын Ата заң жиырма бірінші ғасырдың шақыруларына лайықты жауап беретін басты құжатымызға айналды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде тұрақтылық, бірлік бар. Бұл-табысты дамуымыздың негізгі кепілі,- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.