ШИЕЛІДЕ 150 ОРЫНДЫҚ АУЫЛДЫҚ КЛУБТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Өткен жылы ғана Шиелі ауданына қарасты Еңбекшіге жаңа амбулатория салынып, бүгінде ол нысан ел игілігіне қызмет етіп тұр. Енді міне, араға жыл салмай ауылда тағы да үш бірдей іргелі әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр.
Атап айтқанда, жобалық құны 296 миллионнан астам қаражатқа сыйымдылығы 90 орындық балабақша құрылысы басталған. Сонымен қатар, жобалық құны 196 миллионнан астам қаражатқа сыйымдылығы 120 орындық спорт кешеннің іргетасы құйылып, құрылыс жұмыстары жүруде.
Ауылдағы үшінші алып құрылыс қатарына жобалық құны 183 миллион 775 мың теңгелік, сыйымдылығы 150 орындық ауылдық клубты жатқызуымызға болады. Құрылыста 30-ға жуық адам еңбек етіп жатыр. Бас мердігер «Сәт-Сервис» ЖШС. Басшысы Р.Иманова. Жер учаскесінің жалпы ауданы 0,6 га аумақты құраса, құрылыс аумағы 849,57 шаршы метр. Клуб аумағына қосымша автотұрақ, демалуға арналған алаң, балалар алаңы, би алаңы жасақталмақшы.