ДІНИ АЛАУЫЗДЫҚ ТУДЫРЫП, ЖАТ АҒЫМНЫҢ УАҒЫЗДАРЫН ТАРАТҚАНДАР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Дәстүрлі емес діни ағымның жетегіне еріп, діни алауыздықты тудырған қала тұрғынына қатысты сот үкімі шығарылды. Ол «В Контакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында діни уағызды бөліскен. Мұндай әрекетке қатысты Қылмыстық Кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен істі болғандарға 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық прокуратураның бөлім бастығы Бақытжан Бұқарбаев мәлімдеді.
Сондай-ақ, діни әдебиттер мен діни мазмұндағы материалдарды әкелуге, шығаруға және таратуға қатаң тыйым салынған. Биылғы жылдың 6 айында заң талабын бұзған 2 азаматқа қатысты әкімшілік жаза тағайындалды.
Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Олжас Абдукаликовтің айтуынша, «Терроризм туралы көрінеу жалған хабарламалар таратқаны үшін 1 азаматқа 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни алауыздық тудырған 5 қылмыстық іс қаралған. Оларға 2 және 4 жылдан жаза қолданылған».
Сонымен қатар, баспасөз конференциясында журналистерге тұрғындар арасында діни экстремизм бойынша қылмыстылық құқық бұзушылыққа дем берушілік үшін жауаптылықты көздейтін заңнамалар түсіндірілді.
Мамандар азаматтарға әлеуметтік желілерде түрлі уағыз-насихаттық мақалаларды жариялаумаларын, бөліспеулерін ескертеді.