«БАСТАУ БИЗНЕС» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 95 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ
Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысында «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқытылған азаматтардың жалпы құны 340 млн.300 мың теңгені құрайтын 95 жобасы қаржыландырылды. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов мәлімдеді.
- Жалпы өңірде жыл өткен сайын кәсіпкерлік саласын дамытуда тың бастамалар қолға алынып жатыр. Былтырғы жылғы «фишкамыз» «Микробизнес Қызылорда» жобасы болса, биыл «Бастау Бизнес» жобасы аймақ тұрғындары арасында ерекше қолдауға ие болып отыр. Көңіл қуантарлығы, «Бастау Бизнес» жобасы аясында бір айлық курсқа қатысып, облыстық комиссия алдында жобасын қорғаған азаматтардың бизнес-жоспарлары жергілікті қаржы институттары тарапынан қолдауға ие болуда. Мәселен, осы уақытқа дейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалымен жалпы құны 192 млн. 600 мың теңгені құрайтын 61 жоба, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен жалпы құны 147 млн.900 мың теңгені құрайтын 34 жоба қаржыландырылды», - дейді палата басшысы.
Жаңақорғандық 19 жасар Қадір Мұхамедәли орта арнаулы білім алғаннан кейін жеке кәсіппен айналысып жатыр. Бүгінде туған жері «Өзгентте» «Биқадір» шаруа қожалығын құрып, мал басын көбейту, асылдандыруды қолға алды.
- Кәсібімді қолға алғанда «Бастау Бизнес» жобасы ерекше септігін тигізді. Біріншіден, жеке кәсіппен бірінші рет айналысып жатқандықтан тәжірибем аздау. Бір айлық курста бизнесті жүргізудің әліппесімен таныстым. Сондай-ақ, бизнес жоспарымды әзірлеп облыстық комиссия алдында қорғадым. Нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар, мал басын асылдандыруға «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 10 млн.теңге несие алдым», - дейді жас кәсіпкер.
Айта кету керек, қазіргі таңда Қызылорда облысында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 493 азамат оқып, білімін жетілдірді. Жыл соңына дейін барлығы 937 қызылордалықты оқытылатын болады.