МАМАНДАРДЫҢ ҚАТЕЛІГІ КӘСІПКЕРДІ ШЫҒЫНҒА ҰШЫРАТА ЖАЗДАДЫ
«TS Оңтүстік жанар май» ЖШС - Қызылорда облысы аумағында жанар-жағармай материалдарын көтерме бағамен сатушы компания. Аймақ төңірегінде компанияның 25 автокөліктерге жанармай құю станциясы бар. Сондай станциялардың бірі Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата мен Қожа Ахмет Яссауи көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұл аумақта жақында жол жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жөндеу жұмыстары біткеннен кейін мамандар жол таңбасын сызу барысында май құю бекетіне қарай сызылған жерден «бөлу» белгісін салуды ұмытып, толықтай сызып жібереді.
Былай алсаң, «онда тұрған не бар?»,- деп айтатындай-ақ жайт. Бірақ осы сызықтың өзі кәсіпкерге әжептәуір қиындық тудырды, себебі көлік жүргізушілері бұл жерден бұрылып, автокөліктеріне май құя алмайды. Осы проблемаға орай кәсіпкер Палатаға келіп, мәселенің мән-жайын анықтап, шешіп беруді сұрады.
Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері, аталмыш жайтқа қатысты Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасына мүмкіндігінше жедел тиісті шара қабылдау жөнінде хат жолдады. Өз кезегінде Ішкі істер басқармасы тарапынан мамандарға ұсыным беріліп, мәселе оң шешімін тапты.
- Бұл оқиғада біз кәсіпкердің табысы азайып, кәсібіне шығын келмеу жағын бірінші кезекке қойып, мәселенің жедел арада шешілуін бақылауда ұстадық. Бұл ретте, бюрократияға салынбай, тез шешіп берген Ішкі істер саласының мамандарына алғыс білдіреміз. Әкімшілік кедергілерді дер кезінде жоюдың үлгісін көрсетті», - дейді Кәсіпкерлер палатасының заңгері Ерлан Әбдікеров.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі