«БАСТАУ БИЗНЕС» - КӘСІПКЕРЛЕР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІК
Қызылордада «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, біліктілігін көтерген азаматтардың жобасы қаржыландырылып, жүзеге асырылып келеді.
32 жасар Арал ауданының тұрғыны Аманкүл Қожабергенова отбасылы, 3 баланың анасы. Аманкүлдің мамандығы мұғалім болғанымен қазір кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін жасалып жатқан мемлекеттің қолдауын көріп, жеке ісімен айналысуға бел буады. Аманкүлдің қуанышына орай, биыл елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы қабылданып, азаматтарды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту қолға алынды.
«Бастау Бизнес» бойынша Арал ауданында да оқуға болатындығы жөнінде естіген Аманкүл курсқа жазылып, бір ай білімін жетілдіреді.
- Оқу барысында Аманкүлмен бірге болашақ кәсібінің моделін әзірледік. Ол үшін Аманкүлдің өзіне жақын, бұрын айналысып көрген істі таңдаған жөн деп шештік. Мал шаруашылығы олардың отбасы үшін таңсық нәрсе емес. Қолдарында жылқы, сиыр, қойлары бар. Аманкүл ойлана келе жылқы басын көбейтіп, сатуды кәсіпке айналдыруға бел буды. Ол үшін Аманкүлді жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, бизнес-жоспарын әзірледік», - дейді Кәсіпкерлер палатасының «БастауБизнес» жобасы бойынша Арал ауданы бойынша бизнес-тренері Нариман Абдрахманов.
Аманкүлдің мал шаруашылығының ішінде жылқыны таңдауы да тегін емес, себебі оның етіне бүгінде нарықта сұраныс жоғары. Бұл туралы өзі: «Бізде немесе көршілес аудандарда арнайы малды етке даярлаумен ешкім айналысып отырған жоқ. Кімде болса малының ішіндегі жарарын ғана сатуда. Ал малмен айналысып жүргендер өте аз, нарықтын 0,1 %-да құрамайды. Соған қарамастан соңғы 5 жылда еттің бағасы 900 теңгеден 1200-1700 теңгеге дейін көтерілген. Етке сойылып жатқан малдың 20-30 % ғана семіз, қалған 70-80 %-ы орташа немесе нашар. Орташа немесе арық малдардың сойылу себебі басқа мал жоқ, ал етке деген сұраныс күннен-күнге артуда», - дейді.
Аралдық келіншектің өнімдерін сату жоспары да бар: «Малды өрісте жайып семірткендіктен еті өте дәмді болады. Сондықтан да сату қиынға соқпайды, біз жылқы етін нарық бағасынан әлде қайда төмен де сата аламыз. Мал даяр болуына қарай жыл он екі ай сатылады. Себебі семіріп, жетілген малды артық ұстаудың қажеті жоқ. Қыс айларында сату жұмыстарын тоқтатпау үшін, қажетті арнайы жем берілуі керек, бұл жылқыны семірту үшін және өзі де семіріп келген малды аздырып алмау үшін қажет. Біз ол жағына да дайынбыз», - дейді.
Бір айлық курста алған біліктілігін бизнес-жоспарға енгізіп, облыстық комиссия алдында жобасын сәтті қорғаған Аманкүлдің бастамасы комиссия мүшелерінің де көңілінен шықты. Нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы аралдық келіншектің жобасы өміршең деп тауып, жобасын жүзеге асыруға 6 млн.теңге несие берді.
«Бастамамды жүзеге асыруға мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Бұл қаржыға қолымда бар малдан өзге қосымша жылқы алып, ісімді бастап кетемін. Ол үшін қажетті қора-жайын, жайылымдық жерім де бар. Жобамды жүзеге асыру барысында 1 адамды жұмыспен қамти аламын. «Бастау Бизнес» жобасы – маған балық емес, қолыма қармақ ұстатты. Ендігі табысымның қаншалықты болатыны, ісімнің өрге жүзуі өзіме байланысты. Мемлекеттік қолдауға ризамын», - дейді Аманкүл Қожабергенова.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес Арал ауданы бойынша бүгінгі күнге дейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 92 адам оқытылып, олардың ішінде жалпы құны 75 400 000 теңгені құрайтын 17 азаматтың жобасы қаржыландырылды.