СУДЬЯЛАР МЕН СОТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТТІ
Қызылорда облыстық соты және Қазақстан Судьялар Одағы Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Конституция мерекесі қарсаңында облыстың судьялары мен сот қызметкерлерінің қатысуымен «Сейхун» спорт кешенінде спартакиада өткізілді.
Жарыстың ашылу салтанатына Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев, ҚР Судьялар Одағы Қызылорда филиалының төрағасы Айбек Дәуренбеков, облыс прокуроры Халидулла Дәуешов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Жандарбеков, облыстық соттың алқа төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық соттың төрағасы Қ.Нұрышев спартакиаданы аша отырып, Конституция күнімен құттықтап, спорттық шаралар ұйымшылдық пен бірлікке үйрететінін, әрі салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал тигізетінін атап өтті.
Спорттық додада Қызылорда облысының жергілікті соттарының судьялары мен сот қызметкерлерінен құрылған «Айбын», «Сұңқар», «Қанағат», «Тура би» және «Барыс» топтары бақ сынасты.
Дәстүрлі сайыста бақ пен бап сынасқан бес топ кіші футбол, ерлер мен әйелдер арасындағы шахмат, арқан тарту және гір көтеруден тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Шаршы алаңда әділдікті жанына ту еткен әділ билердің және сот қызметкерлерінің спорттық ойындарының қорытындысы бойынша:
Кіші футболдан облыстық сот судьялары мен сот қызметкерлерінен құрылған «Айбын» тобы жеңіс тұғырынан көрінсе, екінші орынды «Сұңқар», үшінші орынды «Барыс» қанжығаларына байлады. Әдеттегідей үздік ойыншылар анықталып, теңбіл допта өз шеберліктерін көрсеткен облыстық соттың бас маманы Дархан Махамбетов - «Ең үздік шабуылшы», Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Нұрлан Еламанов - «Ең үздік қорғаушы», Қазалы аудандық сотының судьясы Мұрат Оспанов - «Ең үздік қақпашы» номинацияларын иеленді.
Арқан тартудан 1 орын «Барыс», 2 орын «Сұңқар», 3 орын «Айбын» тобына бұйырды. 50 мәрте гір көтерген Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асхат Сабыров 1 орынды иеленді. Ал, гір көтеруден 2 орынды Байқоңыр қалалық сотының сот жасауылы Асылбек Мыңжасарұлы, 3 орынды Қызылорда қаласының №2 сотының іс жүргізу инспекторы Данияр Айтбаев алды.
Ерлер арасында шахматтан 1 орынды облыстық соттың судьясы Сәбит Әбдіқанов, 2 орынды қалалық соттың сот жасауылы Ерлан Елубаев, 3 орынды Қазалы аудандық сотының жетекші маманы Берік Керуенбаев алса, аталмыш сайыс түрінен қыздар арасында 1 орынды Қызылорда қаласының №2 сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Динара Серікқызы, 2 орынды Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот жасауылы Аружан Исахаева, қалалық соттың бас маман-сот отырысының хатшысы Жанар Бәйменова иеленді.
Барлық жеңімпаздарға арнайы жүлделер кубоктар, медальдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Шаршы алаңда ойын өрнегі мен шеберлігін, күш пен ептілікті, әсемдікті көрсетіп, командалық бірлікті таныта білген судьялар мен сот қызметкерлері келесі спартакиадада жолыққанша қол алысып, ыстық ықыласпен тарқасты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі