ПОЛИЦЕЙЛЕР КОНСТИТУЦИЯ КҮНІН АТАП ӨТТІ
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында 2017 жылдың 28 тамызында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің мәжіліс залында ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент басшылығы, жеке құрамның қатысуымен мерекелік шара болып өтті.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Әнұраны ырғағымен ашылып, ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың арнайы құттықтау жеделхаты оқылды.
Қызылорда ОІІД бастығы Қайрат Мұхитов сөз алып, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, «Конституция күні» мерекесінің полиция қызметкерлері үшін ерекше маңыздылығын атап өтті.
Бұдан кейін, шара барысында Ішкі істер министрлігінің және облыстық ішкі істер департаменті бастығының мерекелік марапаттау жайлы бұйрығы жеке құрамға таныстырылып, қызметте кәсіби біліктілігінің арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, қызметтік міндетін қажырлы әрі адал орындаған ішкі істер органдарының 8 қызметкері Ішкі істер министрінің құзырымен, 68 қызметкері департамент бастығының құзырымен марапатталды. Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен Жедел жоспарлау басқармасының кезекші инспекторы полиция майоры Әнуар Тимур Амангелдіұлы, Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының криминалды полиция бөлімінің аға жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Құрбанов Айдарбек Иманбердіұлы, «Қазақстан полициясына 25 жыл» естелік төсбелгісімен Өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел уәкілі полиция майоры Есенбеков Ербол Бақытбекұлы, Штаб басқармасының бөлімше бастығы полиция майоры Туркестанов Ергазы Бекболатұлы марапатталды.
Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Марапат иелерінің, жалпы жиналған қауымның құрметіне әуелетіп ән айтылып, күмбірлетіп күй тартылып, мың бұралған билер биленді. Сонымен қатар, шара барысында ішкі істер органдары ардагерлерінің құттықтау сөздері, жүрек жарды лебіздері де тыңдалды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі