ҚАЛА МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ТАМЫЗ МӘСЛИХАТЫ
Елбасы айтқан үштілді білім беру бағдарламасы асығыстықтан ақсауы мүмкін. Бейсенбіде өткен «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» атты Қызылорда қалалық тамыз конференциясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы үш тілді үш-төрт жылда үйреніп шығу мүмкін емесін, бұл істе асығыстыққа жол беруге болмайтынын жеткізді.
– Президент құптарлық ұсыныс айтты. «Біздің балаларымыз үш тілді білсін» деді. Оны енгізу тәсілдерін айтқан жоқ. Министрлік тарапынан осыған байланысты әлі де кемшіліктер бар. Мектептерде физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытуды қолға алып жатыр. Бірақ бұл – күрделі шаруа. Мұғалімдерді жоғары оқу орындарынан бастап дайындау керек. Мұғалімдер біліп шықты дейік, оқушыларды қайда қоямыз?! Оқушылардың, әсіресе, ауыл балаларының 95 пайызы ағылшынша түсінбейді. Бұл бірнеше ондаған жылды қажет етеді. Біз үш-төрт жылдың ішінде бәрін сықитып қойғымыз келеді. Қағаз жүзінде. Одан болмайды, – деді ол.
Сенатор білім саласына бөтен емес. Жиында оқулық сапасы, ұстаз мәртебесіне қатысты мәселе көтерді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру ісін бәсекелестік ортаға өткізу туралы ой айтты. Қалада қазір 6 мыңға жуық мұғалім бар. Категориясы мен деңгейлік жаңа біліктілік санаттарына сәйкес оларға 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша ақы төленіп келеді. Тамыз конференциясында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітов жаңа оқу жылы қарсаңында сала жетістіктерін атап өтіп, жоспарды саралап, келешек жұмысты бағдарлады. Білім саласының негізгі көрсеткіштерінің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бірақ биыл қала мектептері тиісті деңгейден көріне алмады. А.Нұрсейітов білім ұйымдарының басшыларына білім сапасын арттыру мақсатында жоғары нәтижеге бағытталған шараларды іске асыруды тапсырды.
№1 мектеп-гимназияның ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлмира Шөкеева жаңартылған білім бағдарламасының артықшылықтарын айтса, №3 мектеп мұғалімі Нәбира Ахметжан ойын үш тілде жеткізіп, заман көшіне ілескен маман екенін көрсетті. Қала әкімі жиын соңында үздіктерді марапаттады. Бір топ ұстазға министрліктің алғыс хатын, енді бір тобына 100 мың теңге көлемінде сыйақы сертификаттарын табыстады.
Назерке САНИЯЗОВА.