КӨЛІК АПАТЫНАН ТӘРБИЕШІ КӨЗ ЖҰМДЫ
25 тамыз күні таңғы сағат 9:30 шамасында «Хандәулет» балабақшасының бала тасымалдайтын автокөлігі А. Тоқмағанбетов және Жанқожа батыр көшесінің қиылысында Газ-53 май таситын көлігіне соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының мән-жайын жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
«Жол-көлік оқиғасында 1985 жылы туылған тәрбиеші аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Осыған орай, оның туыстары мен туғандарына қайғыра көңіл айтамыз. Қала әкімі тарапынан барлық көмек көрсетілетін болады. Сондай-ақ, балабақша тарапынан марқұмға 1 млн теңге қаржылай көмек көрсетіледі», - деді қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов.
Оқиға кезінде бала тасымалдайтын автокөлікте 11 бала болған. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. 8 бала үйлеріне қайтарылса, 3 бала орта деңгейлі жарақатпен балалар ауруханасына жатқызылды. Бүлдіршіндердің жағдайы бірқалыпты. Ал көлікте бірге болған 1992 жылы туылған тәрбиеші Айдана Сәрсенбек бас-ми жарақатын алған. ОМО-ның жансақтау бөліміне жатқызылып, 28.08.17 жылы нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Емін қабылдауда, жағдайы тұрақты.
Облыстық медициналық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Нұриддин Амитовтің айтуынша, көлікте болған тәрбиешілердің екіншісі бас-ми жарақатын алып ауруханаға түскен. Жедел жансақтау бөліміне жатқызылып, тиісті көмек көрсетілген. Қазір нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Бүгінде жағдайы бірқалыпты.
Айта кету керек, қалада 209 балабақша бар. Оның 26-ы мемлекеттік болса, қалғаны жеке тәрбие ошағы. Балалар тасымалымен 151 жеке балабақша айналысады.
- Бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін де бала тасымалдайтын автокөліктер тарапынан жол көлік оқиғасы орын алған. Жергілікті полиция қызметі тексерулер жүргізді. Тасымалмен айналысатын 34 көлік жүргізушісіне әр түрлі айыпұл салынған. Ендігі жерде, бала тасымалымен айналысатын көліктер сары не жасыл түсті болуы керек. «Балабақша» деген жазумен жазылып, әр бала автокресломен қамтылуы тиіс. Талап 1 қыркүйектен бастап іске асады», - деді жергілікті полиция қызметінің басшысы Ермек Құдайбергенов.
Бүгінде көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жақын арада барлық балабақшаның иелері мен меңгерушілеріне арналып үлкен жиын өтетін болады.
Айта кетейік, 120 орындық «Хандаулет» жеке балабақшасы 2012 жылдың 02 шілдесінде ашылған. Қаламыздағы Жарқынбаев көшесі №59 үйде орналасқан. Құрылтайшысы – Төлегенова Назгүл Перназарқызы және меңгерушісі - Төлегенова Бибігүл Перназарқызы. Балабақшада барлығы – 31 қызметкер жұмыс жасайды, оның ішінде пед.қызметкер саны – 16. Қазіргі таңда балабақшада 120 бала тәрбиеленуде.