ҚАЗАЛЫДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
30 тамыз Конституция күні қарсаңында Қазалы ауданында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Тұрғындар ауылдық округтерден әкелінген өнімдерді 10-15 пайызға арзандатылған бағамен сатып алды. Бұл жолғы жәрмеңкеге ауылдардан 50 тонна қауын, 20 тонна қарбыз, 5 тонна картоп, көкөніс пен жеміс-жидек түрлері, ет, сүт, балық өнімдері ұсынылды. Мұнда сатушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы шатырлар орналастырылды.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Барлығы да арзандатылған отандық өнімге қызығушылық танытты. Жергілікті шаруалардың өнімдерін насихаттауды мақсат тұтқан шара алдағы уақытта да жалғаса бермек. Қыркүйек айында Қызылорда қаласы мен Астана қаласында өтетін жәрмеңкелерде қазалылық өнімдер ұсынылатын болады.
Айта кетейік, биыл Қазалы ауданы бойынша бау-бақша егу жұмыстарын жандандыру қолға алынғаны белгілі. Осыған орай, ауданда өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесі қарастырылған. Халықты жергілікті бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығы Әйтеке би кентінен бау-бақша өнімдері сатылатын бес орын белгіленді. Олар: 5 квартал аймағындағы, аудандық пошта байланыс торабының жанындағы, С.Мұханов, Жанқожа батыр көшелері бойындағы және №170 мектеп жаны. Нәтижесінде кент тұрғындары орталыққа бармай-ақ, өздері тұратын аталған аймақтарда жергілікті бақша өнімдерін тиімді бағада сатып ала алады. Жалпы, биыл Қазалы ауданы бойынша бақша дақылдары егісін өндірістік негізде өсіру 600 гектарға ұлғайтылды.