EXPO КӨРМЕСІНІҢ ҮШ МИЛЛИОНЫНШЫ ҚОНАҒЫ ТІРКЕЛДІ
Ол – мәскеулік Юрий Шурыгин. Елордаға «Еуразиялық апталық» шарасына қатысу үшін келіпті. Халықаралық шараны осымен екінші рет аралап отыр екен. Құтты қонақты «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов құттықтады. Сондай-ақ естелікке сыйлық табыстады.
Айта кетейік, келушілердің нақты санын операциялық орталық арнайы жүйенің арқасында анықтайды.
Юрий Шурыгин, EXPO 2017 көрмесінің үш миллионыншы қонағы:
– Өте ұнады, бәрі қызық. Әсіресе Қазақстанның павильоны әдемі. ТМД елдерінің де бірнеше павильонын аралап шықтым. Шараның ауқымы үлкен. Бізде әзірге ондай болған жоқ. Сондықтан Қазақстанның жаңа белестерді бағындыра беруге тілекшімін.
Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарма төрағасы:
– Мәселен, бір миллионыншы қонақты біз тура 31 күн күттік. Ал екі миллионыншыны 24 тәулік. Ал сіз 21 күні келдіңіз. Біз көрмеге қызығушылық танытып келушілердің қатары көбейіп жатқанына қуаныштымыз.