ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДА ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ КӨП
Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша 2017 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы туралы жиналыс өткізілді.
Жиналыста областық басқармалардың орынбасарлары, аудан әкімі аппараттарының басшылары, жергілікті және орталық атқарушы органдардың персоналды басқару қызметтерінің қызметкерлері және мемлекеттік қызмет көрсететін жауапты тұлғалар қатысты.
Департамент басшысының орынбасары Ержан Қарымсақов жиналысты ашу барысында мемлекеттік қызметшілердің тиімді және кәсіби жұмысының негізінде табысты мемлекет құрылатындығын атап өтіп, олардың алдында тұрған міндеттердің маңыздылығына екпін қойды.
Жиналыс барысында мемлекеттік қызмет саласы бойынша өзекті және күрделі мәселелер айтылды: мемлекеттік қызметшілердің кешенді аттестаттаудың қорытындысы, «Е-қызмет» жүйесінің жұмыс істеуі, мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өту, сынақ мерзімін белгілеу және тәлімгерлерді бекіту, конкурстық тәртіптерді өткізу, алмасушылық және т.б.
Департаменттің 2017 жылдың 1 жартыжылдығындағы есебі бойынша адамның мемлекеттік органға баруын қажетсінбейтін электронды түрде көрсетілетін қызметтер былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге, пайызбен шаққанда 41% артқан.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы Заңнамасының сақталуы бойынша 16 мемлекеттік органдарға жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар талқыланды. Тексеру қорытындысымен 2307 бұзушылық анықталды.
Көп кездесетін бұзушылықтар: Стандарттарда қарастырылмаған қосымша құжаттарды талап ету, толық емес құжаттар болған жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, қызмет көрсету мерзімдерін сақтамау әлеуметтік, білім, жер қатынастары салаларында анықталды.
Сондай-ақ, жүргізілген тексерулер нәтижелері бойынша 20 жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, сонымен қатар, «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің» 465,475 баптары бойынша 2 лауазымды тұлғаларға қатысты 3 әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекет кірісіне 350 мың теңге өндірілді.
Жиын соңында мемлекеттік орган басшылары, кадр қызметтерінің қызметкерлері және мемлекеттік қызмет көрсетуге жауаптыларға нақты міндеттер қойылды.