«ПОЛИГЛОТ» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Кеше ТЖД-ның Дағдарыс орталығында «Полиглот» байқауы өтті. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Байқауда барлығы 6 қатысушы бақ сынасты. Кадр жұмысы бөлімінің бас маманы Ержан Үсенбаев, Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің аға инженері Тимур Еркебаев, Кадр жұмысы бөлімінің бас маманы – психологының міндетін атқарушы Назым Анарбекқызы, Техникалық қызмет және құлақтандыру бөлімшесі бас маманының міндетін атқарушы Ақбота Мерғали, «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің технигі Бекзат Досжанова, «Апаттар медицинасы орталығы» ММ облыстық филиалының бөлім басшысы – дәрігер Азамат Есахаев.
Олар өзін-өзі таныстыру, төтенше жағдайлар терминдерінің қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі нұсқасын айту, қазақ халқының салт–дәстүріне, тұрмысы мен мәдениеті туралы сұраққа жауап беру, табиғи және техногендік төтенше жағдайлар жөнінде әңгімелеу бойынша білімдерін таразылады.
Сайысқа департамент бастығының орынбасары Саид Молдақараев, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкері Баян Байділдаева, Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Гүлзат Мизанбаевалар қазылық етті. Байқау жеңімпазын анықтауда олардың тілдерді меңгеруіне, жазу сауаттылығы мен сөзді дұрыс дыбыстауына, жауабының сапасы мен мазмұндылығына мән берілді.
Соңында әділ қазылардың шешімімен І орын Тимур Еркебаевқа бұйырды. Мұнан соң озық көрінген қатысушыларды марапаттау сәті жалғасты. «Полиглот» облыстық іріктеу байқауының жеңімпазы 15 қыркүйекте өтетін республикалық байқауға қатысатын болады.