ҚЫЗЫЛОРДА ӨҢІРІНДЕ ЭТНОБІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІ ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облысы Арал аудандық филиалында ақпараттық-насихат топмүшелері Қазақстан халқы Асамблеясы өкілдерімен кездесіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талқылады.
Іс-шара Елбасының қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысты ұсынған жобаларының маңыздылығын және қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін талқылау мақсатында өткізілді. Кездесуде «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Қанатов сөз сөйлеп, мақала аясында орындалатын міндеттерге тоқталып кетті.
- Елбасы өз мақаласында «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» деп атап өтті. Әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару, Қазақстанның үздік 100 есімін жариялау туралы тапсырма да аса маңызды және бұл тапсырманы орындауға барлығымыз ат салысуымыз қажет,- деп атап өтті өз сөзінде Талғат Қанатов.
Бүгінде Арал ауданында 82 өзге ұлт өкілдері қоныстанған. Кездесуге келген молдаван ұлтының өкілі Виктор Чумаш Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қолдайтындығын жеткізді.
- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жастарға арналған деп ойлаймын. Өйткені, болашақ - жастардың қолында. Қоғамдық сананы жаңғырудың басты басымдығы ұлтымыздың жаһандық қоғамдастықта бәсекеге қабілетті болуы екендігі сөзсіз. Бұл ретте өзіміздің татулығымызды, бірегейлігімізді, құндылықтарымыз бен дәстүрімізді сақтауға тиіспіз. Отаныңды сүймей салт-дәстүріңді сақтай алмайтындығымызды жете түсінген жөн, -дейді ол.
Шара барысына жиылғандар мақаладағы әрбір ойдың тереңдігін ашып, оны насихаттау мен жүзеге асыруда аянып калмайтындықтарын жеткізді.