СОРТӨБЕ, ЖЕНТ ҚАЛАШЫҚТАРЫ МЕН КЕРДЕРІ КЕСЕНЕСІНЕ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға мемлекеттік маңыз беріліп отыр. Елбасы мақаласынан туындайтын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» республикалық тізіміне облыс бойынша 63 табиғи, тарихи-мәдени ескерткіштер ұсынылды.
- Бүгінгі күні «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы таңдап алған республика бойынша 100 макросакралды обьектіге біздің облыстан 10 ескерткіш енгізілді. (Жанкент, Сығанақ, Шірік рабат, Жент қалашықтары, Қорқыт ата мемориалды кешені, Христос-Спаситель шіркеуі, Оқшы ата, Қорасан ата және Қылышты ата кесенелері, Бегім ана мұнарасы). Сонымен қатар Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілсе, биылғы жылы жаңадан Сортөбе, Жент қалашықтары мен Кердері кесенесіне қазба жұмыстары жүргізілуде, - дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Абдрахманов.