ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА МЕКТЕПТЕР АШЫЛДЫ
Жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы аудандарында бірнеше маңызды әлеуметтік нысандардың салтанатты ашылуы өтті. Оған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
Ол алдымен Арал ауданы Аманөткел ауылдық округі Аққұлақ елді мекеніндегі жаңа мектептің, бұдан бөлек жаңа балабақшаның ашылуына қатысты.
Содан соң облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Ақжона ауылдық округі Майдакөл ауылындағы 200 орындық жаңа №98 орта мектептің ашылуына қатысты. 183 оқушы білім алатын білім ордасы спорт зал, медициналық бөлме, 80 орындық асхана, 120 орындық мәжіліс залымен қамтылған. Мектептің ашылу рәсімінде Р.Рүстемов барша оқушыларды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Күләш Лекер жаңа мектептің салынғанына ауыл халқының ерекше қуанышты екендігін жеткізіп, алғысын білдірді. 11 класс оқушысы Шархан Мұхаммед-Қанапия арнау өлеңін оқыды.
- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға 2020 жылға дейін орындалуға тиісті басты 3 міндет қойған болатын: үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою мен 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Алдымен, үш ауысымдық мектептерді түбегейлі жоюға қол жеткіздік. Содан соң, өздеріңіз білетіндей, облыс бойынша 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Мұнда мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытудың үлесі басым екенін айту керек,- деді Р.Рүстемов.
Қазалы ауданы Шәкен ауылдық округі Шилі ауылындағы №259 негізгі мектептің ашылды. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Онда оқу бөлмелері, мұғалімдер бөлмесі, медициналық бөлме, шеберхана, мультимедия және лингафон кабинеттері, шаруашылық бөлмелері, гардероб, 32 орындық асхана, 40 орындық акт залы, жалпыға арналған әжетхана, жуын бөлмелері қарастырылған. Мектеп заманауи оқу құралдарымен жабдықталып, балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Ардагер ұстаз Қуаныш Ысмағұл шалғай ауылдан осындай зәулім мектептің салынғанына ризашылығын білдірді. Қонақтар лингафон кабинетіндегі балалардың ағылшын тілін үйрену дәрісін көріп, оқушыларға сәттілік тіледі.
Осы күні Қазалы ауданында да 2017-2018 оқу жылы қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Р.Рүстемов Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектеп жанынан жүргізілген қосымша құрылыспен танысты. Мектеп ауласында дизельді электростанция, спортзал, асхана, шеберхана орналастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында үш ауысымдық білім беру жүйесі жойылып, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі шешілді. Жыл соңына дейін апатты жағдайдағы мектептер санын толықтай шешу жоспарланып отыр.