ҰЛТТЫҚ АРНА: ЖАҢА МАУСЫМ, ЖАҢА ҮЛГІ. ЖАҢА ЖОБАЛАР
Аймақтың жетекші арнасында ребрендинг жасалып телеарна – «Қазақстан-Қызылорда» деп емес, «Qyzylorda» деп аталатын болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының м.а. Айсұлу Қасымова мәлімдеді.
28 тамыздан бастап облыстық телеарнадағы бағдарламалық кесте, эфирге шығатын әрбір заставка, хабарлардың бет-бейнесінде де айтулы өзгерістер орын алмақ. Телекөрермен асыға күтетін, телеарнаның тұздықты жобасы – «Жаңалықтар» қомақты топтама түрінде эфирге жол тартпақ. Атап айтқанда, ел өмірінің, аймақтың тынысымен қатар, «Көрерменмен тікелей байланыс» айдары қосылып, әрбір телекөрермен студиямен байланысып, көкейкесті сауалын қоя алады, ұсынысын айта алады, « 112» топтамасынан өңірде болған оқыс оқиға, қылмыс хроникасын біле алады, ал «Спорт жаңалығы» жеке дара комментаторымен эфирге шығып, спорттық аренадағы қызықты да «әттеген-ай» деген тұстар паш етілмек.
Қазақтың қайсар рухты, сегіз қырлы, бір сырлы, нағыз «мен» деген жігіттерін даралайтын «Сыр серілері» реалити-шоуының жаңа маусымы басталады. «Коктейль» бағдарламасынан жастар өздерін қызықтырған тақырыптарды бірге талдап, өзекті деген мәселелердің шешімін бірге іздейтін болады. Көрермендердің сұрауы бойынша «Ұлт саулығы» телеемханасын енді тікелей эфирде көруге болады және денсаулық саласына қатысты сауалыңыз болса, телефон шалып, дәрігерлерден дереу жауабын алуға мүмкіндік туып отыр.
Ақпараттық-танымдық «Жаңа күн» бағдарламасының студиясы жаңартылды. Бағдарлама мазмұны байытылып, көрерменге жол тартпақ. Сыр топырағында көне шаһарлар, кесенелер, қорғандар, ескерткіштер мен жәдігерлер жетіп артылады. Халқымыз тарихи тұлғалардан да кенде емес. Міне, осы ретте «Туған өлке» телеэкспедициясы Сыр өңірінің тағлымға толы тарихы мен мәдениетін, руханиятын дәріптеп, құнды деректермен тәнті етпек, - деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының м.а. Айсұлу Қасымова.
Телеарна әдеттегідей түскі үзіліссіз тәулігіне 17,5 сағат хабар тарататын болады.