«ҚАЗАҚСТАН» РТРК ЖАҢА МАУСЫМДЫ ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСТЕРДЕН БАСТАМАҚ
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының м.а. Айсұлу Қасымова мәлімдеді.
Биылғы жылы жаңа маусым аясында телерадиокорпорация құрамына енетін арналармен радионың жұмысында бірқатар өзгерістер орын алады. Бұл өзгерістер ауқымды болады: ең алдымен корпорация құрамындағы: «Қазақстан», «Қазспорт», «Балапан» арналары мен радиостанциялардың негізгі белгілері – логотиптері өзгертілді.
Екіншіден, толығымен студиялар жаңартылады. Үшіншіден, эфирге жаңа бағдарламалар енеді. Төртіншіден, эфирдің графикалық, дыбыстық безендірулері өзгертілетін болады. Бесіншіден, арнаның басты дауысы да ауысып, тағы да басқа өзгерістер орын алады.
Телерадиокорпорация құрамына енетін арналардың жазуында өзгеріс болады. Сонымен қатар, корпорацияның үлкен медиаактив екендігін айқындайтын – арнайы белгі – ту іспеттес логотип жасалды. Сол арқылы медиаактивтердің тұтастығы әйгіленді.
Жоғарыда айтылғанға сәйкес корпорацияның құрамына кіретін 14 аймақтардағы арналардың атаулары да өзгереді. Бұрынғыдай Қазақстан - Ақтау деген сияқты атаулардың орнына, енді жекелеген сол аймаққа тән, сол аймақта жиі қолданылатын, сол өңірдің дәстүрлі атаулары енгізілетін болады. Мысалы Mangystau, Ontustik, Qyzyljar, Altay, Ertis тағы да басқа.
Ребрендингтің негізгі мақсаты - корпорацияның халықаралық теленарықтағы танымалдылығын арттыру. Корпорацияның құрамына енетін медиактивтерді - ұжымының бір бөлігі ретінде көрсету. Корпорацияның, арнаның және басқа да құрылымдарының жаңа технологияларға, жаңа стандарттарға сай екендігін білдіреді.
- Ең бастысы жаңа маусымда Қазақстан Ұлттық арнасында ондаған жаңа түрлі жобалар іске асады. Қоғамдық, интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалар, саны артады. Реалити - шоу сияқты жанрлар енетін болады. Олардың ішінде 2 халықаралық мегажоба: «Жібек жолы жұлдызы», «Мен қазақпын» жобалары бар. Кәсіпкерлікті насихаттайтын «Үміткер» шоуы және табиғаттың тылсым күшіменен құдіретін көрсететін - «24 сағат табиғат құшағында», Ұлттық эстраданы насихаттайтын - «Hit Qazaqstan» музыкалық хит-шеруі. «Киелі Қазақстанның» ешқашан айтылмаған тарихы, сан ғасырға куә болған - «Ұлы дала ұлағаты», әулет бақытына арналған - «Ене мен келін», түрлі мамандықтың қыры мен сырына қанық қылатын «Сенің орныңда» және тағыда басқа бағдарламалар жаңа маусымнан орын алады, - деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының м.а. Айсұлу Қасымова.