ҚЫЗЫЛОРДАДА 14,4 ШАҚЫРЫМ ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ
Қызылордада 2016-2017 жылдардағы жылу беру маусымы облыс бойынша өз деңгейінде өтті. Тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасады.
Жылу беру маусымында облыс бойынша әлеуметтік нысандар қажетті отын қорымен жасақталды. Білім саласындағы 464, мәдениет және спорт саласындағы 377, денсаулық саласындағы 336 нысанға және орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 647 көпқабатты тұрғын үйлер жылумен тұрақты қамтамасыз етілді.
- Өздеріңізге белгілі, Қызылорда қаласындағы жылу құбырларының тозығы жеткен. Осыған орай 2015-2016 жылдары "Нұрлы жол" бағдарламасымен 21 жобаға 4 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, 14,4 шақырым жылу жүйелері жаңғыртылды. Нәтижесінде жылу құбырларының тозуы 48 пайыздан, 44 пайызға немесе 4 пайызға төмендеді. Бұл жұмыстармен қатар, Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп, «Қызылорда қаласының жылу жүйелерін салу және жаңғырту» жобасымен өткен жылы 4,1 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылды, 2 газотурбиналық қондырғыны күрделі жөндеуден өткізілді, - дейді Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.