ҚЫЗЫЛОРДА ХАЛҚЫНЫҢ 95 ПАЙЫЗЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛЫП ОТЫР
Қазір Қызылорда облысындағы 260 ауылдық елді мекеннің 194-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл ауылдық елді мекендердің 74 пайызын құрайды, ондағы тұрғындар саны облыстағы барлық елді мекендегі халықтың 95 пайызын қамтып отыр. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мәлімдеді.
2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен ауыз су жүйелерін жаңғыртуға 5 жобаның құрылысы басталған болатын. (Сексеуіл, Әйтеке би, Жосалы - 2 жоба, Тасбөгет). Аяқталу мерзімі - 2017 жыл. Нәтижесінде аталған елді мекендердегі 280 мыңнан астам тұрғындардың ауыз сумен қамту жағдайы жақсарады.
- 2017 жылға «Нұрлы жол» бағдарламасымен 36 жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігерлер анықталды. Бұл жобалардың құрылысы аяқталғанда нәтижесінде 2018 жылы 335 шақырым ауыз су құбырлары және 7,7 шақырым кәріз су жүйелері жаңғыртылатын болады, - дейді басқарма басшысы.