ШЕТ ЕЛ АЗАМАТТАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Қазалы ауданы №4 Өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі азаматтық қорғау сержанты К.Досбергенұлынан Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылдық округіне 12 шақырым жол қалған жерде ерлі-зайыпты Германия азаматына (1985 ж.т Ху Тан) және Қытай азаматына (1986 ж.т. Су Дан) тиісті м/б ВВВ5666 «Volkswagen Touareg» жеңіл автокөлігінің артқы дөңгелегі жарылып, техникалық көмек сұрағандығы туралы хабарлама келіп түскен болатын. Оқиға орнына азық-түлік және керекті құралдарымен Қазалы ауданының ТЖБ бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау майоры А.Қалиев және №4 ӨСБ қарауыл бастығы азаматтық қорғау аға лейтенанты С.Ізімов және Жаңақұрылыс ауылдық округінің әкімі Б.Әбдірайымов барған. Осы ретте Германия мен Қытай елшілігінен осы азаматтарға көмек көрсетіп жіберу туралы ұсыныс түскен.
Шақырылған жерге барған кезде туристердің айтуы бойынша автокөліктің дөңгелегін кілттеп қойған құпия кілттері Германиядағы тұрғын-жайында ұмыт қалыпты. Сондықтан осы автокөліктерді жөндеуге мүмкіншілік болмағандықтан аудан орталығынан автокөлік тасымалдағыш техниканы алдыртып, автокөлік А.Қалиевтің тұрғын үйінің ауласына жеткізілген. Ерлі-зайыпты шет ел азаматтары Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі «Алма» қонақ үйіне орналастырылған. Ал, көлікті жөндеу үшін автобөлшектердің құрал-жабдықтарын Қызылорда қаласынан алдыртып, жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жасалған. Автокөлік жөнделіп болған соң, 20 тамызда жергілікті уақыт 20 сағат 30 минут шамасында Қырғызстан Республикасына қарай жол көрсетіп жіберген.
Аудандық төтенше жағдай саласының мамандары – А.Қалиев пен С.Ізімовтің осындай жұмысына риза болған шет елдіктер қытай, ағылшын, неміс тілінде алғыс хат жазып, үлкен көмек көрсетіп, аман-есен жолға шығарып салған қызметкерлерге ризашылығын білдірді.
Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы