ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жеті айды қорытындылаған мәжіліс өтті. Оған аудандар мен қала әкімдері, басқарма басшылары және өзге де жауапты тұлғалар қатысты.
- Өздеріңізге белгілі, мен әрдайым барлық деңгейдегі әкімдерге салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру және қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту туралы 3 міндетті қойып келемін. Ал бұл міндеттерді түпкілікті шешудің бір жолы – ол жергілікті жерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Өздеріңіз білесіздер, облысымызда жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін биылғы жылы өңірімізде Бірыңғай жол картасы әзірленіп, наурыз айында менің төрағалығыммен қала мен барлық аудандарда актив отырыстары өткізіліп, аталған "Жол картасы" барлық деңгейдегі ауыл әкімдеріне таныстырылды,- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Аймақ басшысының айтуынша, бизнесті түбегейлі жақсарту және кеңейту, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірқатар үкіметтік және өңірлік бағдарламалар іске асырылып, қаражаттар бөлінуде.
Биылғы жылдан бастап іске асырылған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға кәсіп ашу үшін микрокредиттер беру мақсатында 2 млрд. теңгеден астам қаражаттар (ауылдық жерде – 1765 млн. теңге, қалада – 293 млн. теңге) бөлініп, барлық қаржы институттарына салынып, игерілуде. Сондай-ақ, микробизнес субъектілері жеңілдетілген несие қаражатын алу мақсатында биылғы жылы облыстық бюджеттен қосымша 100 млн. теңге қаржы Өңірлік инвестициялық орталыққа (РИЦ) бөлінді. Одан бөлек, сапалы оқытуды ұйымдастыру мен жастар тәжірибесін қолдауға 1,6 млрд. теңге қаражат қарастырылған.
Аталған бағдарлама тек жұмыссыз және нәтижелі жұмыспен қамтылмаған халыққа бағытталған болса, ал тұрақты бизнеске бағытталған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл бағдарлама шеңберінде бүгінгі күні мақұлданған жобалар бойынша 1 млрд. теңге көлемінде субсидия төлеу мүмкіндігі бар. Бұл тек қана субсидиялауға бөлінген қаражат болса, екінші деңгейлі банктерде шағын және орта бизнесті несиелендіруге 10 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде несие алу кезінде кепіл мүлкі жетіспеген кәсіпкерлер үшін облыстық бюджеттен 105 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сонымен бірге, кәсіпкерлік саласын қаржылай қолдауға бағытталған «Даму-Аймақтар» өңірлік бағдарламасын іске асыру үшін 1,4 млрд. теңге қаражат қарастырылды. Бұдан бөлек, ауылшаруашылығы саласында да біршама субсидиялар көзделген. Биылғы жылдың өзінде, аталған салаға 7,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жалпы биылғы жылы облыста шағын және орта бизнесті дамытуға 27 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген.
Жиын барысында қала, аудан әкімдері мен тиісті сала басшылары облыста кәсіпкерлікті дамыту барысы туралы баяндамалар жасап, қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған жиын облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен барлық аудандарда өткізілген болатын. Онда әр аймақтың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне сәйкес жол картасы әзірленіп, маңызды жобаларды қолға алу талқыланды.