ОБЛЫС КІТАПХАНАЛАРЫНДА 4 МЛН. 507 МЫҢ КІТАП ҚОРЫ БАР
Қызылорда облыстық кітапханасында биыл дыбыс жазу студиясы ашылып, жоғары қабатқа көтерілетін арнайы баспалдақ (гусиничный пандус) алынды.
Сонымен қатар, 2016 жылға дейін Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында осы кітапханалардың арнайы пункттері қызмет көрсетсе, бүгінгі күні барлық аудандар пошта қызметі арқылы түгел қамтылып отыр. Нәтижесінде, облыс бойынша 237 көз мүгедектеріне 1399 арнаулы әдебиеттер ұсынылды.
- Қазіргі таңда облыс кітапханаларының кітап қоры 4 млн. 507 мың дананы құрайды. Оқырмандар сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында кітапханалардың кітап қоры биылғы жылы 3 мың 900 дана, мемлекеттік тапсырыспен 14 мыңға жуық жаңа әдебиеттермен толықты, - дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Абдрахманов.
Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын басым бағыттардың бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды архив», «Электронды кітапхана» ақпараттық жүйелерін қалыптастыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда облыс бойынша өлкетану бағытындағы 3796 кітап (752150 бет), 6 газет топтамасы цифрлы форматқа көшірілсе («Ленин жолы», «Путь Ленина» облыстық газеттері), архив құжаттарының 73 мың 154 сақтау бірлігінің 10 млн. 542 мың парағы сандық форматқа көшіріліп, сақтандыру қорлары жасалды.