«АРАЛТҰЗДЫҢ» ӨНІМІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Арал десе теңізбен қатар, ас тұзы да көзге елестейтіні айқын. Оның дәмін Алтай мен Атырау арасындағы жұртқа қоса алыс-жақын мемлекеттердің бәрі татқан десек артық емес. Сапалы өніміне сұраныс та жоғары http://syrboyi.kz.
Тұз қазу мен оны өңдеу бойынша республикада алдыңғы лекте тұрған кәсіпорында еңбек өнімділігі қарбаластығын зауыт жұмысшыларының қызу қимылынан аңғардық.
Тоқсан жылдан астам тарихы бар «Аралтұз» АҚ-ы еліміздегі йодталған ас тұзын шығарумен қатар, оның негізгі өндірушісі саналады. Жаңа ғасыр басталған тұста зауыт тарихында бірінші рет қайта құру жұмыстары жүргізілген екен. Оған қоса, өндіріске «тұзды екінші рет байыту» технологиясы енгізіліпті. Бұл дегеніміз тұзды жуу, майдалау, йодтау және кептіру жұмыстары заман талабына сай орындалуда деген сөз.
Инвесторлар тарту ұжымға жаңа серпін әкелетіні белгілі жайт. Мұнан бес жыл бұрын «Аралтұз» АҚ-на жаңа инвестордың келуімен көптеген игілікті іс қолға алыныпты. Нәтижесінде «ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасы іске қосылған. Аталмыш жобаға екі жарым миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынғанын айта кеткен жөн. Сол қыруар қаражатқа тұз өндіруге арналған соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар алыныпты. Қуаныштысы – жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділіктің көлемі 1,7 есеге ұлғайып, ішкі нарықтағы үлесі тоқсан пайызға жеткен.
– Алдағы уақытта кәсіпорын химия өнеркәсібін дамыту мақсатында кальцийлендірілген сода және кір жуғыш ұнтақ шығару жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Жақсықылыш тұрғындарының түгелге жуығын жұмыспен қамтыдық. Тіпті аудан көлеміндегі өзге елді мекеннен де келгендер баршылық. Жалақыларын уақытылы алып тұр. Бүгінгі таңда тұздың сатылу ауқымы да көбейіп жатыр. Өнімдерімізді Ресей мен Қырғызстанға жөнелтудеміз, – дейді «Аралтұз» АҚ-ның вице президенті Нағашыбай Әуесханов.