ҚАЗЫБЕК БИДІҢ 350-ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВТОКЕРУЕН ҚЫЗЫЛОРДАДА
Елімізде Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар бастау алғаны белгілі.
Осы орайда Қарағанды облысы аумағынан Қызылорда, Түркістан, Тараз, Шымкент қалалары арқылы жүріп, Өзбекстанның Ташкент, Науаи қалаларына дейін баратын «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруен жолға шықты.
Автокеруен құрамында білім беру ісінің үздік қызметкерлері, басқарма басшысы, тілші, мәдениет қызметкерлері, блогер және оқушылар бар.
Автокеруенге Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай жетекшілік жасауда.
Халықаралық автокеруен 21 тамыз күні Қызылорда қаласына ат басын тіреді. Бүгін автокеруен мүшелері Қызылорда қаласының көрікті жерлерімен танысып, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің Студенттер сарайында жастармен кездесті.
Кездесу барысында өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында меморандумға қол қойылды.