ОҚУШЫЛАРҒА ДЕМЕУШІЛЕР ТАРАПЫНАН КӨМЕК КӨРСЕТІЛУДЕ
Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар үшін бұл балаларын мектепке даярлайтын қарбалас кезең. Ал, көп баласы бар, тұрмысы төмен отбасылар үшін мұндай уақытта қиын соғары анық. Десе де, әрбір баланың мектеп қабырғасында толыққанды білім алуы шарт. Осы орайда, қалада жыл сайын тамыз айынан бастап «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып келеді.
Бұл ретте облыс орталығынан шараға 7 мыңнан астам оқушы қатысуда. Оларды жаңа оқу құралдарымен қамтуда демеушілер тарапынан көмек көрсетілуде.
Осындай кезекті қайырымдылық акциясы аясында «Жанқожа батыр баба атындағы» қоры өткізді. Оған қордың белді мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішев, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары М.Аралбаев қатысып, балғындарға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Акцияға қатысқан 120 өренге жаңа сөмкелер мен жазу-сызуға қажетті құралдар табысталды.