КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ
Елдің ырысы – Шиелінің күрішіне орақ түсті. Ерте көктемнен бастап ала жаздайғы тынымсыз еңбектің өтеуі егін науқанында «атызда масақ, сабанда дәні қалмауымен» өлшенбек. Биыл күрішке орақты алғаш болып Иіркөлдегі «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығы бастады.
Айтулы шара әуелі Алмалы ауылдық округіне қарасты 21 бекеттегі су сағасында өткен семинардан басталды.
Оған аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ә.Оразбекұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы және ауыл ардагерлері қатысты.
Бұл жердегі семинардан соң «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығының егістігіне жол жүріп, күріш алқабын аралауды бастадық. Шаруа қожалық төрағасы А.Бердібаев күріштің аналит сортынан гектарына 55-60 центнерден өнім жинауды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Биыл бұл шаруа қожалық 242 га. күріш, 93 га. ескі жоңышқа, 97 га. жаңа жоңышқа шөбін екен.
Шаруа қожалықтың күрішке орақ түскелі тұрған алқабына аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев, мәслихат хатшысы Ә.Оразбекұлы бастаған аудан ардагерлері сала, мекеме басшылары мен ауыл әкімдері жиылды. Аудан әкімі Қ.Әубәкірұлы мен сенатор М.Бақтиярұлы диқандар қауымын алғашқы егін орағымен құттықтап, қырман қызылға, қамба астыққа толсын деген тілектерін білдірді.
Содан кейін, егін орағының көк лентасы қиылып, комбайнның шынжыр табаны алқапқа түсті.