ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ӘККІ ҰРЫЛАРДЫ ҰСТАДЫ
Полиция қызметкерлері Қызылорда қаласының аумағында пәтер ұрлығын кәсіп еткен 32 жастағы екі күдіктіні құрықтады.
Өткен жылдан бері Ішкі істер органдарына облыс орталығының 5 тұрғыны пәтер ұрлығы бойынша арызданған. Жәбірленушілер полиция қызметкерлеріне олардың пәтеріне белгісіз біреулердің сыртқы үй есігінің кілтін іріктеу арқылы ашып, қымбат бағалы зергерлік бұйымдарын және басқа да бағалы заттар мен ақшаларын ұрлағанын хабарлаған.
Мәселен, 2016 жылы полицияға 58-жастағы қала тұрғыны арызданып, Жалаңтөс Баһадүр көшесінде орналасқан көп пәтерлі үйінің есігін белгісіз азаматтар күндізгі уақытта ашып кіріп, 2 дана алтын алқасын, 2 дана кулонын, 2 дана алтын сырғасын қолды етіп, 2 миллионнан аса шығын келтіргенін көрсеткен.
Тәртіп сақшылары пәтер ұрлығына қатысты күдіктілердің ізіне түсіп, жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 2 күдікті азаматты Қарағанды облысында құрықтады. Олар 1985 жылы туылған Теміртау және Кентау қаласының тұрғындары болып шықты. Полицейлердің анықтауы бойынша, күдіктілер өздерінің құйтырқы әрекеттерін бір сызбамен іске асырып отырған. Күндізгі уақытта пәтер иелерінің үйде болмағанын пайдаланған күдіктілер қолындағы кілттер жинағымен сыртқы есіктің құлпын ашу арқылы ішке кіріп, жәбірленуші азаматтардың үйіндегі барлық бағалы заттарын, ақшаларын, алтын бұйымдарын ұрлап кетіп отырған. Олар 5 жәбірленушіге шамамен 6 миллионға жуық шығын келтірген.
Осы дерекке байланысты, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі