АРДАГЕРЛЕР АЛҒЫСЫ АЙРЫҚША
Арманға айналған «ЭКСПО-2017» көрмесін көру бізге де бұйырды. Арал ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов бастаған 25 ардагерді темір жол вокзалынан аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов, аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Бохаев шығарып салды.
Қызылорда қаласынан осында іссапарда жүрген аудан әкімі М.Оразбаев күтіп алды. Оң ниеті үшін ризашылығымызды білдірдік. «Қызылорда-Көкшетау» пойызына Қазалы ауданының ардагерлерімен бірге жайлы купелерге орналастық. Облыстық ардагерлер кеңесінің қызметкері Сандуғаш Тынымбаева қарындасымыз жалпы жетекшілік жасады. Сондай- ақ, дәрігер А.Қабылбаева, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілшісі Ә.Нұрлыбаева, оператор А.Әшірбеков, жыршы- термеші, Аралдың тумасы А.Үсеновтер жанымызда болып, дәрігерлік көмекті де көрсетіп, көңілімізді де ән- жырмен көтерді.
Астанаға да жеттік. Темір жол вокзалынан күтіп алушылар орталықтағы «Сұңқар» және «Фортуна» қонақ үйлеріне орналастырды. «ЭКСПО-2017» көрмесіне жол тарттық. Көрме кешенінің орталық нысаны шар тәрізді, әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат екен. Ал, павильонның 1-қабаты 2 аумақтан тұрады. Алғашқысы- қонақжайлық тақтасы болса, одан әрі «Жасыл энергия» деп аталатын екінші аумағына қарай беттедік. Ол жердегі баламалы энергия көздері арқылы іске асырылатын жобалармен танысуға болады. Бұл аумаққа қазақстандық ғалымдардың елуден астам жобасы қойылған. Қазақ елінің өнертапқыштары Ұлы даланың суды да, күнді де, желді де тиімді пайдалана алатындарын дәлелдеп отыр. Бұл-қуанышпен, мақтанышпен айтуға болатын үлкен жетістік.
Көрме мұражайында орналасқан экспозициялық кеңістіктерді қабылдау мүмкіндігі сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқылы нығая түскен. Ғимарат үстіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, ЭКСПО алаңының күллі көрінісін тамашалауға болады. Онда жел генераторы, күн энергиясын электр қуатына түрлендіретін элементтердің бірігуі ойластырылған. Бір сөзбен айтқанда, болашақтың энергиясын өндірудің ең тиімді әдіс-тәсілдері көрсетілген. Әрбір павильонға кірген сайын өзіміз көрген жаңа техника мен технология жетістіктерін айтып жеткізу мүмкін емес.
Сондай-ақ, павильонға кірген кезде өзімізді басқа планетада жүргендей сезіндік. «Нұр әлем» ұлттық павильоны келушілердің саны бойынша ең алдыңғы орында тұр. Ал, біз аралаған өзге елдердің павильондары бойынша алғашқы ондықта Африка, Мысыр, Ресей, Түркия, Жапония, Тайланд, Малайзия, Германия, Үндістан, Сауд Арабиясы елдері бар. «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» демекші, ЭКСПО- ны да көрдік.
Сапарымыздың екінші күні «Хазірет Сұлтан» мешітінде болып, мінәжат етіп, дұғамызды оқып, садақа жасадық. Орта Азия мемлекеттері ішіндегі ең озық үлгіде салынған мешіт болғандықтан, безендіруі де ерекше екен. Ал, Астанаға сән беріп тұрған нысандардың бірі-Ұлттық мұражай еліміздің ертеңі мен бүгінгісін бейнелейді. Кіре берісте алтын қанатты, әр қанаты алты метр болатын алтын қыран. Қапталда Қазақстан картасы. Сағат сайын алтын қыранның қанаты қозғалыста болып, еліміздің төрт бұрышын көрсетуде. Археологиялық қазбалардан табылған құнды жәдігерлер, Алтын адам, ұлттық ою- өрнекпен нақышталған киіз үй, ер-тоқым, небір ісмерлердің туындылары көз тартады.
Ал, «Бейбітшілік және келісім сарайы» көрнекті жерге орналасқан екен. Ұшар басында 100 адамдық шағын зал бар. Бір ғажабы, әр қабатқа көтерілетін баспалдақтардың қапталдарындағы қабырғаларға жиырмадан астам өсімдік түрлері өсіп, ерекше сән беріп тұр. Бата жасап, тілек тілейтін арнайы орын жер шарының төбесінде тұрғандай сезіледі. Бәріміз де еліміздің тыныштығы мен отбасымыздың амандығын, мемлекетіміздің қарыштап өркендей беруін тіледік. Осылайша, еліміздің даму сатыларын көзбен көріп, көңіліміз бір марқайды.
Бабаларымыз: «Қыранның қырандығы биікке самғағандығында емес, оның сұсы мен мысының ерекшелігінде» деген екен. Даму жолына түскен тәуелсіз Қазақстанның үлкен державалармен иықтасатын деңгейге жеткеніне мақтандық. «ЭКСПО»-ның барлық павильондарын аралау кезінде және саяхат кезінде тынымсыз қызмет көрсеткен «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілшісі Әсия Нұрлыбаеваның және павильондарға кіргенде түсініктеме беріп, жан- жақты аралауымызға жөн сілтеген оператор Алпамыс Әшірбековке ризашылығымыз шексіз. Бір сөзбен айтқанда, «ЭКСПО-2017» көрмесіне саяхат өміріміздегі естен кетпес бір кезең болмақ. Сондықтан, осындай құрмет пен қолдауға жол ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаевқа, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухамановқа және аудан әкімі М.Оразбаевқа шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
еңбек ардагері,
Арал қаласы.