ШЕБЕРЛІГІ ШЫҢДАЛҒАН

Құрыш қолды құрылысшылар мерекесі қарсаңында серіктестік директорына жолығып, еңбек озаттары туралы білгіміз келетінін жеткіздік. Сонда ол аз-кем ойланып отырып: «Біздің жігіттердің қай-қайсысы да ортақ шаруа десе ішкен асын жерге қоятын жандар. Бәрінің де өзіндік орны бар. Алайда бүгінше пластик цехындағы жігіттердің ісімен таныс болыңыздар», – деді. Іле-шала өндірістік техникалық бөлім басшысы Мергенбай Кенжалыға аталған азаматтармен кездестіруді тапсырды.
Кеңсе ғимаратымен іргелес аулада орналасқан цех ішіндегі еңбек әуенімен әдіптелген көрініске көңіліміз көтеріліп қалды. Төрдегі станок тетігін епті басқарған орта бойлы, талдырмаш жігіттің қимылы ширақ. Ешнәрсеге алаңдайтын емес. Оның бар ынтасы атқарып жатқан жұмысында екені байқалады.
Цехтың оң жақ тұсындағы үлкен үстел үстіне қойылған терезе жақтауларын құрастыруға кіріскен ұстаның да іскерлігі көз сүйсіндіреді. Жұмыстың толас кезін тауып, оларды әңгімеге тарттық…
Бауыржан Бақытжанұлы Әйтеке би кентіндегі №170 орта мектебінің 9 сыныбын бітіріп, сол кездегі №5 кәсіптік-техникалық училищесінің ағаш ұстасын даярлайтын бөлімінде оқыды. Дипломын алып шығысымен 2011 жылы «Намыс-Құрылыс» ЖШС-на ағаш ұстасының көмекшілігіне орналасты.
Өндірістік тәжірибесі әлі толыса қоймаған оған Талғат Нұржанов, Жанболат Сәдуақасов, Нұрлан Кенжебаев сынды әріптес ағалары ақыл-кеңестерін берді. Соның арқасында уақыт өте келе қалаған мамандығына деген ынта-ықыласы арта бастады.
«Қалауын тапса, қар жанады» деген. Бүгіндері Бауыржан өз ісін ұршықша үйіре білетін білікті мамандар қатарында. Шеберлігі шыңдалған ұстаның қолынан өткен пластиктен жасалған есік-терезелер мен дәліздердің сапасы жоғары. Сонымен бірге оның ағаштан істеген түрлі бұйымдары да тұтынушылар талғамынан шығады. Ол пластикті кесіп, жонатын, топса, құлып салатын, бір-біріне жалғауды атқаратын құрал-жабдықтарды еркін басқаруға дағдыланған.
Бауыржан қазірде осындай міндетті шаруасына деген ыждағаттылығының арқасында цехтағы әріптестеріне басшылық ететін аға ұста дәрежесіне жетіпті.
Осы цехтағы Ғалымжан Нұржаубай да өзінің тындырымдылығы және үлгілі тәртібімен көзге көрініп жүргендердің бірі. Ғалымжан мұнда 2014 жылдан бері еңбек етеді. Бір атап айтарлық жағдай, Ғалымжан Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің экономика факультетінен қаржыгер мамандығын алған. Жоғары білімді азаматтың: «Бала күнімнен құрылыс саласына бейім едім. Қызметке тұрудың орайы келмеген соң осыдан несібемді тауып жүрмін. Өйткені нарық билеген заманда босқа қарап жүруге болмайды»,– деген сөздеріне ішіміз жылып қалды.
Біз тілге тиек етіп отырған ұжым өткен жылы Абай ауылындағы клуб үйін пайдалануға берді. Сондағы мектептің, Қазалы қаласындағы аграрлы-техникалық колледжінің оқу корпусы мен жатақханасының есік-терезелерін жаңалады. Биыл Жанқожа батыр ауылында спорт кешені салынуда. Істеріне ұсынақты қос ұста көптің игілігі үшін жасалып жатқан осындай тынымсыз тірліктің ешбірінен қалыс қалмай, маңдай терлерін төгіп жүр.
Төл мерекелері – құрылысшылар күніне толымды табыстармен жеткен Бауыржан мен Ғалымжанға еңбектерің еселеніп, абырой-беделдерің биіктей берсін деген жүрекжарды тілегімізді білдіреміз.
Сахи ҚАПАР.