ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ АЯСЫНДА ПӘН МҰҒАЛІМДЕРІ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ
15-16 тамыз аралағында еліміздің барлық аймақтарындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында жалпы білім беретін мектеп ұстаздарының тамыз кеңестері өткізіліп жатыр. Оларға 20 мыңнан астам педагог қызметкері қатысып, білім берудің өзекті мәселелері талқыланатын болады.
Бүгін Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында өткізілген тамыз конференциясына аудан және қала мектептерінен 900 – ден астам мұғалім қатысты. Бұл туралы зияткерлік мектептің баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңес бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматай жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқытудың ерекшеліктері мен бағалау жүйесінің жаңа моделінің артықшылықтары туралы баяндама жасады. Сонымен бірге, жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жағдайында мұғалімдерді дайындау жұмыстары сараланып, мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал - жүйелі-әдістемелік кешен жөнінде жан-жақты ақпарат беріледі.
Кеңестің екінші бөлімінде қатысушылар Назарбаев Зияткерлік мектеп ұстаздарының ұйымдастырған шеберлік сыныптарына қатысып, 5 және 7 сыныптарда «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Жаратылыстану», «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика», «Қазақстан тарихы», «Дүние жүзі тарихы», «Көркем еңбек» және «Дене шынықтыру» пәндерін оқытудың жаңа әдістері мен критериалды бағалау жүйесі бойынша толық ақпарат берілді. Сондай-ақ, оқушылардың тәжірибелік, ғылыми, шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырма үлгілері таныстырылып, мұғалімдерге жан-жақты әдістемелік қолдау көрсетілді.
Айта кетейік, жаңартылған білім мазмұнына ауысу кестесіне сәйкес 2017-2018 оқу жылында 2 сынып оқушыларымен қатар жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша оқуды 5 және 7 сынып оқушылары да бастайды.
Соңғы үш жылда Қызылорда облысынан 7926 пән мұғалімдері орта білім мазмұнын жаңарту бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтті. Қызылорда облысының әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ арасында екі жақты меморандумға қол қойылып, өзіндік әдістемелік қоры жинақталған Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептебіндегі тәрбие жұмыстарының бағыттары мен іс-тәжирибесі аймағымыздағы 2 пилоттық және 22 инновациялық мектептерге үлкен қарқынмен таратылуда.