ҚЫЗЫЛОРДАДА ТУРИЗМ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ
Облыс орталығы тұрғындары мен қонақтарының көптеп баратын жері ол «Арай» спорттық ойын-сауық кешені. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Көпсалалы нысан шамамен 50 гектар жерді алып жатыр. «Арай» аумағында кәсіби картинг, балалар ойын орталығы бар. Сонымен қатар спорттық жарақаттарды емдеу және оңалтуға арналған медициналық кабинетпен жабдықталған. Бірыңғай сәулет және саябақ ансамблі, бірегей құрылыстар жиынтығы болып табылатын кешеннің көзтартар жері – жүзу орталығы.
Спорт кешенінде маңызды жарыстар, көпшілікке арналған мерекелік-думанды шаралар өткізіледі. Көпшілік және әуесқойлық спорт орталығында жыл он екі ай жұмыс жасайтын бірнеше бассейн бар. Балалардың суға түсетін жері бөлек.
Жазғы аквапарк аумағында үлкен экстремалды сырғанақ-төбешіктер, лабиринт және балалар ертегі қалашығы орналасқан.
Сонымен қатар қалада 7 жағажай жұмыс жасайды. Жалпы Қызылордаға келушілерді орналастырумен айналысатын 42 нысан бар.
- Соңғы 3 жыл көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, бүгінде Қызылорда қаласына келуші туристердің пайызы 164%-ға артып отыр. Бұл бюджетке 537 млн теңге көлемінде пайда келтірді, – қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанмұрат Сейілов.
Алдағы уақытта осы маңнан шеберлер орналасатын этноауыл бой көтереді. Сондай-ақ аймақтағы ең ірі «Арай сити» сауда ойын-сауық орталығы ашылды.